"Омикрон" штамы мутацияға ұшырап, тез өзгереді – дәрігер

21.01.2022 18:28

Оның айтуынша, жаңа штамм 20-39 жас аралығындағы жастарға​ тез жұғады

© AP Photo / Kin Cheung

Қазір әлем елдерін "омикрон" штамының тез таралатыны алаңдатып отыр. Атыраулық эпидемиолог-дәрігер Тілепберген Хамзиннің айтуынша, "омикрон" штамының адам денесіне енетін тікенекті ақуызы болады. Жаңа штамм мутацияға ұшырап, жылдам өзгеріп отырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Эпидемиолог-дәрігер Тілепберген Хамзин Атырау қаласындағы №4 емханада жұмыс істейді. Көпжылдық еңбек өтілі бар дәрігердің пікірінше, "омикрон" штамынан кейін әсіресе балаларда қабыну синдромдары пайды болуы мүмкін. 

«Бұл штамның тез таралатыны дүниежүзі елдерін алаңдатып отыр. "Дельта" штаммымен салыстырғанда, "омикрон" штаммының жұқпалығы 5-10 есеге жоғары екені анықталды. Тағы бір алаңдататыны, "омикрон" штамының адам денесіне енетін тікенекті ақуызы болады. Жаңа штамм мутацияға ұшырап, жылдам өзгеріп отырады. Сол себептен вирусты жұқтырған адамның өкпе, тыныс алу жолдарын зақымдайды. Қан тамырлары, жүрек, бүйрек ауруларына, жүйке жүйесіне кері әсерін тигізеді», – дейді Тілепберген Хамзин. 

Дәрігердің айтуынша, маска тағып, адамдар көп шоғырданатын орындарға, сауда орындарына бармаған жөн. Үнемі қолды таза ұстап, қонақ шақырмау, не қонаққа бармау секілді қарапайым сақтық шаралары сақтау керек. 

«Өйткені, жаңа штамм тұмау секілді басталып, кейін адамның ағзасының қатты ауыруына, тершендікке әкеліп соқтырады. Қазір жаңа штамның 20-39 жас аралығындағы жастарға тез жұғатынын байқалып отыр. Балалар бұл штамды жеңіл өткереді. Алайда, ауырған балада 2-3 айдан кейін көп жүйелі қабыну синдромдары пайды болуы мүмкін. Сондықтан, қауіпті індеттен қорғанудың ең тиімді әрі жалғыз жолы – вакцина алу», – дейді эпидемиолог-дәрігер Тілепберген Хамзин. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Ажар Ғиният Атыраудағы Теңіз кен орнында санитарлық талаптарды күшейтуді тапсырған болатын.