Мобильді топтар қалада карантин режимін бұзғандарды анықтау үшін рейд өткізді
Нұр-Сұлтан қаласында мобильді топтар карантин режимін бұзғандарды анықтау үшін рейд өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қалалық Ішкі саясат басқармасынан хабарланғандай, мобильді топтардың құрамында полиция мен тауарлар мен көрсетілген қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкерлері бар. Олар бас санитарлық дәрігердің қаулысындағы ережелер сақталмаған фактілерді тіркеді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданында «Дәулет» сауда үйінде мониторингтік тексеру кезінде термометр мен дезинфекциялық кілемше болмаған. Ал жалға алушылар маска режимін сақтамаған. «Забава» дүкенінде термометр болмаған. Осы сауда нысандарына түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Байқоңыр ауданының бірнеше компьютерлік клубында, жөндеу пункттерінде, дүкендерінде, моншалары мен кафелерінде осындай бұзушылықтар анықталған. Олардың иелеріне түсініктемелер беріліп, айыппұл салынды.
«Байқоңыр ауданы басқармасында күнделікті рейдтер жүргіземіз. Кейбір субъектілер екі-үш рет жауапқа тартылды. олардың жұмысы тоқтатылды. Күн сайын біз 10-нан астам құқық бұзушылықты анықтаймыз, құжаттар жинаймыз, түсіндірме аламыз және СЭС-ке жібереміз. Екі-үш күн ішінде олар тәртіп бұзушыларды шақырады, хаттамаларды толтырып, айыппұл салады. Мұндай рейдтер таңғы 4-5-ке дейін жалғасады. Жүргізілген жұмыстардың арқасында бүгінгі күні құқық бұзушылықтар саны азайды», – дейді Байқоңыр аудандық полиция басқармасының бірінші орынбасары Құрбан Таңғышбаев.
Полицейлер карантин бұзушыларды анықтап, оларды жауапкершілікке тарта отырып, кәсіпкерлік субъектілері бойынша күнделікті түнгі және күндізгі рейдтерді жүргізеді. Сонымен қатар, демалыс күндері полицейлер азаматтармен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша карантин режимін сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда. Көптеген қала тұрғындары көпшілік жиналатын орындарға, саябақтарға, скверлерге, базарларға баратын демалыс күндері тәртіп сақшылары сақтық шараларын еске салып, азаматтарды қоғамдық орындарда жауапкершілікпен қарауға, санитарлық нормалар мен әлеуметтік қашықтықты міндетті түрде сақтауға шақырады. Айта кетсек, бұған дейін бір тәуліктің ішінде Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін қадағалау басқармасының мамандарымен бірігіп, 141 кәсіпкерлік нысанның тексерілгені хабарланған еді. Тексеру барысында карантин режимін бұзған 70 нысан тіркелген. Заң бұзушылардың бәрі де әкімшілік жауапкершілікке тартылған.