Ақтөбе облысында үй карантинін бұзған 15 адам қамалды

03.05.2020 в 19:21

Төтенше жағдай режимі енгізілгелі облыста 45 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Ақтөбе облысында төтенше жағдай режимі енгізілген сәттен бастап үй карантинін бұзғаны үшін 45 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Үй карантинін бұзған 15 адам қамауға алынды, 9 тұрғынға айыппұл салынды, 9 адамға ескерту жасалды, сондай-ақ 12 материал өндіріске жіберілді.

«Облыс орталығындағы үй карантиніндегі тұлғалардың карантин режимін бұзу саны артты. Мұндай фактілердің қатаң түрде жолы кесіледі, өйткені көптеген адамдардың денсаулығы карантин режимін сақтауға байланысты. СЭС, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және полиция карантинге жабылған үйлердің тұрғындарымен түсіндіру іс-шараларын жүргізіп жатыр», - делінген хабарламада.  

Үй карантиніндегі тұлғаларды тексеру барысында Ақтөбе қаласының полиция қызметкерлері үй карантиніне жатқызылған тұрғынның тұрғылықты жерінен кетіп қалғанын анықтады. Үй карантинін бұзғаны үшін 32 жастағы ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 2-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, мамандандырылған әкімшілік сот 10 АЕК-ке әкімшілік айыппұл салды.

Ақтөбе облысы Полиция департаменті карантинді сақтау талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Егер адамның басқа адамға вирус жұқтыру көзі болғаны анықталса, онда қолданыстағы заңнамада бұл үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

«Үй карантиніндегі барлық адамдарға үйде қалуға, карантин режимін сақтауға кеңес береміз. Бұл бізге коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың асқынуын болдырмауға мүмкіндік береді. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз», - деп ескертеді полиция өкілдері.