Қазақстанға барынша дайындықпен келдік – дәрігер Лу Чжен

10.04.2020 20:01

Елімізге коронавируспен күресуге көмек көрсету үшін Қытай дәрігерлері келді

Almaty.tv

Елімізге коронавируспен күресуге көмек көрсету үшін Қытай дәрігерлері келді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, олар біздің мамандарға әдістемелік қолдау танытады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұған дейін екі ел басшысы телефон арқылы сөйлесіп, осындай уағдаластық жасаған. Қытайдан 10 дәрігерді біздің елге жеткізу үшін арнайы борт ұйымдастырылыпты. Қазақстан Әуе күштері әскери-көлік авиациясының СИ-295 екі ұшағы Жетіген-Үрімші-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ақ халаттыларды дін аман жеткізген. Көрші ел делегациясының құрамына он маман енген: пульмонолог, реаниматолог, қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі сарапшы бар.

«Бізде құлан таза айығып шыққандармен қатар, жағдайы ауыр науқастар да бар. Бірнеше адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Сондықтан Қытайдың дәрігерлерімен бірлесе шешетін мәселе көп. Өзіміздің жинаған тәжірибемен де бөлісе аламыз. Олардың кеңесіне де құлақ асамыз. Диагностика мен емдеудің бекітілген арнайы хаттамасы бар. Сол бойынша жұмыс істейміз. Дәрігерлер Шыңжан-Ұйғыр автономдық ауданынан келді. Қатерлі індетпен күрес кезінде біліктіліктерін арттырған», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Қамалжан НАДЫРОВ.

Сонымен қатар Қытай дәрігерлермен бірге 5 тонна гуманитарлық көмек жіберілген. Медициналық бұйымдар емханалар мен ауруханаларға таратылады. Ал, қытайлық дәрігерлер Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Алматы қалаларында тәжірибелерімен бөліспек.

«Біз Қазақстанға барынша дайындықпен келдік. Инфекция жұқтырған адамдарды емдеу әдістерімен бөлісетін боламыз. Келген дәрігерлердің сырқаттарды емдеу тәжірибесі бар. Сондай-ақ гуманитарлық көмек ретінде бетперде мен арнайы қорғаныш костюмін ала келдік.  Қазақстандық мамандармен бірлесе жұмыс істеп, арадағы ынтымақтастықты нығайтуды ойлаймыз», – деді дәрігер Лу ЧЖЕН.