Індет басталғаннан бері Батыс Қазақстанда 22 558 науқас тіркелген
Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, коронавирус жұқтырғандар саны 8,8 пайызға (58 адамға) азайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, соңғы тәулікте 56 науқас анықталып, 112 адам жазылып шықты. Жыл басынан бері 13337 адам сырқаттанса, соның 56,2 пайызы (7508) Орал қаласында, 13,7 пайызы (1838) Бәйтерек, 11,2 пайызы (1496) Бөрлі ауданында тіркелген. Өңірде барлығы 1123 төсектік 18 инфекциялық стационарда 362 науқас (32-сі жансақтау бөлімінде) ем қабылдауда. Соның ішінде Орал қаласында 600 төсектік 5 ауруханада 285 адам жатыр. Облыс бойынша 1444 (679-ы инфекциялық, 765-і карантиндік) төсек-орын резерв ретінде әзірленді. Басқарма мәліметіне қарағанда, тұрақтандыру қорын толықтыруға дәрі-дәрмек алу үшін 422 млн теңге бөлінсе, соның 217 млн теңгесіне келісімшартқа қол қойылған.
Коронавирустың бар-жоғын анықтайтын 13 зертхана болса, соңғы тәулікте 3144 зерттеу жүргізілді. Індет басталғаннан бері Батыс Қазақстанда 22558 науқас тіркеліп, соның 17681-і жазылып шықты. 338 адам көз жұмды. Күні бүгінге дейін 68458 адам вакцинаның бірінші, 31696-сы екінші компонентімен коронавирусқа қарсы егілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 360-қа жуық адамнан індет табылғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Батыс Қазақстанда карантин шаралары жеңілдеді.