Елімізде 8,5 мыңнан астам жуық дәрігер коронавирус жұқтырған. Ал жұмыс барысында індетпен күресіп, өз өмірін тәуекелге тіккендердің 123-іне ғана өтемақы беру мақұлданған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қалған дәрігерлердің өтінімдері қаралып жатыр, деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Айтуынша, әрбір өтінім жіті тексеріледі. Ол үшін эпидемиологиялық тергеу жүргізілуде. Ал елімізде тұрақталып келе жатқан ауру көрсеткіштері нашарлаған жағдайда карантин ұзартылуы мүмкін.
Бірінші тамыздан бастап зертханалық расталған COVID-19 жағдайлары, соның ішінде ПТР теріс нәтижесі бар пневмония жағдайлары біріктірілді. Жаңа әдіс ауруға қатысты ахуалды болжап-білуге, қажетті ресурстарды, атап айтсақ, медициналық кадрлар мен төсек орындарды, медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмекті дұрыс жоспарлап, статистиканың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Есеп жүргізудің жаңа әдісіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жоғары бағасын берді.
«Қазақстанда кешенді шараларды жүзеге асыру коронавирусқа қатысты жағдайдың біртіндеп тұрақтануына ықпал етті. Бұл өз кезегінде азаматтық қоғамның, денсаулық сақтау қызметкерлерінің және Үкіметтің бірлескен күш-жігерін талап етті. Алексей Цой атап өткендей, біз қырағылықты сақтауымыз керек. Бүгінде COVID-19-ға ДДСҰ-ның жаңа классификациясын пайдалану жөнінде Қазақстанның шешімін жоғары бағалаймыз. Бұл өз кезегінде әлем бойынша мәліметтерді жинауды стандарттау үшін өте маңызды қадам», – деді ДДСҰ Қазақстандағы кеңсесінің басшысы Кэролайн Кларинваль.
Алайда коронавирус инфекциясы бойынша жалпы статистикаға наурыз айынан бері өкпе қабынуына шалдыққандар саны қосылмайды. Қайта есептеу дәрігерлердің жұмысын қиындатады. Дәрігерлер демекші, елімізде 9 мыңға жуық, дәлірек айтсақ 8518 ақ халатты коронавирусқа шалдыққан. Бірақ бүгінгі күні ақ желеңділердің арасында өкпе қабынуымен ауырғандар туралы мәлімет жоқ екен. Осыны айтқан денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният індетпен күресте пневмонияға шалдыққан дәрігерлерге бір реттік әлеуметтік төлем берілуі мүмкін екенін жеткізді.
«Егер коронавирус індетіне қарсы күрес барысында ауырып қалған медицина қызметкерлері төлемге өтінім беретін болса, онда біз оларға қолдау көрсетеміз. Аталған медициналық құжаттар жергілікті атқарушы органдар деңгейіндегі комиссияға жіберілетін болады», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.
Журналистер тарапынан коронавирусқа шалдыққан 8,5 мың дәрігердің неге 123-іне ғана өтемақы мақұлданған деген сауал қойылды. Бұған Алексей Цой былай деп жауап берді.
«Бұл тек мақұлданғандары. Ал өтінім берушілер көп. Мәселен, қазір 71 жағдай тексерілуде. Эпидемиологиялық тергеу жүргізіліп жатыр. Дәрігер ауруға жұмыста шалдықты ма, әлде өзге жерде жұқтырды ма. Барлық мағлұматтар әкімдіктердегі медициналық комиссияларға тапсырылатын болады. Кейін өңірлік комиссиялар қарастырып, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелеріне енгізіледі», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Денсаулық сақтау министрі коронавирустан көз жұмған дәрігерлердің отбасылары неліктен әлі өтемақы алмағанын айтып түсіндірді. Оны алу үшін мұрагерлікке құқық құжатын тапсыру керек. Ол 6 айға созылады. Сол себептен кешеуілдеп жатыр деді министр.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан