Мектептер мен білім беру ұйымдарына Ashyq жобасы енгізіле ме

28.07.2021 18:48

Бұл сұраққа Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев жауап берді

ашық дереккөзден

Мектептер мен білім беру ұйымдарына Ashyq жобасы енгізіле ме? Бұл сұраққа Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бұл мәселе талқыланды, бірақ әзірге жоспарда ғана бар. Қазір нақты ештеңе айта алмаймыз. Негізінен жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындары мен колледждерде бұл жобаны енгізу жоспарланып отыр», – деді Жомарт Қарамбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Осы шарада Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің өкілі жаңа оқу жылында оқушылардың қалыпты форматта оқу мүмкіндігі туралы пікір білдірген болатын.

«Бұл эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Шешімді коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия шығарып, ол шешім Мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысымен бекітіледі. Эпидемиологиялық жағдай жақсарған кезде министрлік дәстүрлі оқыту форматына көшуге дайын», – деген Жомарт Қарамбаев БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында.