Біздің ғалымдарға толық сенеді
Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Спутник V» вакцинациясын салдырғанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv. Бұл туралы Берік Уәли өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Азаматтарымыз әлеуметтік желілерде Мемлекет басшысының бұған дейін қазақстандық вакцина салдырамын деп, бірақ оны күтпей, «Спутник-V» екпесін алғаны жөнінде сұрақтар қоюда.
Президенттің әрқашан да отандық өнімді қолдайтынын сенімді түрде айта аламын. Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыда шығарылған вакцинаны салдырды және біздің ғалымдарға толық сенеді. Қазақстандық вакцина өндірісі іске қосылғаннан кейін Мемлекет басшысы Жамбыл облысына барып, кәсіпорынның жұмысымен арнайы танысуды жоспарлап отыр. Президент келесі жолы коронавирусқа қарсы отандық екпені салдыруға ниетті», – деп жазды Берік Уәли.
Баспасөз хатшы Президент коронавирусқа қарсы күресте халықты жаппай вакцинациялаудан басқа балама жоқ екеніне сенімді екенін қосты.