Вакцина алғандар Ashyq-та жасыл мәртебеге ие болады

trtworld.com
trtworld.com
Ол туралы Көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жанар Оразалина мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Ashyq» жүйесінде вакцина алған тұрғындар жасыл түсті мәртебеге ие болады. Ол туралы Көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жанар Оразалина мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сонымен қатар, қосымшаға енгізілген ақпараттар арнайы қызметтерге берілмейтіні белгілі болды. Вирус жұқтырғандар мен байланыста болған адамдардың мәліметтері тек санитарлық дәрігерлерге ғана жолданады.

«Басқа ешқайда жіберілмейді. Өз өкілеттіктері аясында тек медицина мамандары ғана бұл деректерді көре алады. Барлығы заңға сәйкес болады. Біз, ең алдымен, заңға сүйенеміз. Заң қаулыдан жоғары, ал онда «ешкім жеке деректерді пайдалана алмайды» деп айтылған. Дербес деректер сотқа дейінгі тергеу, сот шешімі болған жағдайда ғана ұсынылуы мүмкін», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.

Айта кету керек, бүгінде қосымшаны 1 миллионнан астам пайдаланушы жүктеп алған. Барлық өңірде жобаға 5 мың 35 нысан тіркелген. Алдағы уақытта лотерея мен букмекер кеңселері «Ashyq» жүйесіне енгізілуі мүмкін. Караоке нысандарына да жоба тестік режимде қосылып жатыр. Ал, «Ashyq» қосымшасында жасыл түсті мәртебесі бар азаматтар шетелден келген жағдайда да ПТР-тест тапсырмауына болады. 12 сәуірден бастап 1 750-ге жуық  қызыл түсті, 1 300-ге жуық сары түсті статусы бар жолаушы  тіркелген. Бұл ретте қызыл немесе сары түсті мәртебесі анықталып, ұшуға жіберілмеген жолаушыларға әуе компаниясы билет құнын толықтай өтейді.

«Ashyq» қосымшасы арқылы әуежайға кіру талаптарының енгізілгеніне екі күн болды. Екі күннің ішінде 9 мың 900 жолаушы тексерілді. Олардың ішінде 9 адамнан сары түсті мәртебе байқалды, 8 адамнан қызыл түсті мәртебе анықталды. Алгоритмге сәйкес, қызыл түсі бар жолаушылар оқшауланып, жедел-жәрдем шақырылады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы Әнуар Шәлекенов.

Новости партнеров