Ұлыбританияда коронавирустың жаңа мутацияланған түрі пайда болды. Британдық эпидемиологтардың мәлімдеуінше, өзгерген вирус геномында «омикрон» мен «дельта» штамында кездесетін элементтер анықталған. Осылайша жаңа штамм «Дельтакрон» деп аталып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Зерттеушілердің пайымынша, вирустың өзгеріске ұшырауына – бір адамның екі түрлі вирусты бір уақытта жұқтыруы себеп болған. Бұл ретте сарапшылар әзірге алаңдаудың қажеті жоқ дейді. Өйткені бұл штамды жұқтыру жағдайы өте аз. Ал әлемде қоғамдық иммунитет деңгейі былтырмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Дегенмен ресейлік ғалымдар бұл вирусқа да қарсы вакцина ойлап тапса керек. Екпе өндіруші Александр Гинцбургтің сөзінше, жаңа препараттың құрамында екі штамның да ақуыздары бар және алдағы уақытта басқа да мутацияны жеңуге көмектеседі.
«Арнайы тест сынамалары арқылы біз науқастарда инфекция қалай өтіп жатқанын ғана анықтап қоймай, қай уақытта көмектесетінімізді біле аламыз. Яғни аурудың алдын аламыз. Одан бөлек Денсаулық сақтау министрлігіне де жүктеме азаяр еді. Мәселен ауруханаларда төсек орын санын анықтап, жансақтау бөлімшелерін даярлауға мүмкіндік болар еді», – деді өндіруші Артем Сиразутдинов
Ал елімізде өткен тәулікте коронавирустан 5 мыңнан аса отандасымыз жазылып шықты. 11 адам дерттен айыға алмай қаза тапты. Қазақстан бойынша науқастар Алматы қаласында ең көп тіркеліп отыр. Мұнда соңғы тәулікте 1200 адамның індетке шалдыққаны анықталды. Ал елорда мен Қарағанды, Павлодар облыстарында сырқаттанғандар саны 100-ден азаймай тұр.