Филиппинде COVID-19 індетіне байланысты жарияланған «Ұлттық апат режимі» тағы бір жылға ұзартылды

23.09.2020 19:04

Елде коронавирусты 291 мыңнан аса адам жұқтырды

prm.ua

Филиппинде COVID-19 індетіне байланысты жарияланған «Ұлттық апат режимі» тағы бір жылға ұзартылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұны ел президенті Родриго Дутерте хабарлады. Еске сала кетсек, Филиппин үкіметі ұлттық апат режиімін наурыз айының ортасында жарты жылға енгізген болатын. Жалпы елде коронавирусты 291 мыңнан аса адам жұқтырды. Бұла – Оңтүстік Азия аймағындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Ал Ұлыбританияда індеттің екінші толқыны басталды. Ел премьер-министрі Борис Джонсонның хабарлауынша, коронавирустың өршуіне байланысты жаңа шектеу шаралары енгізілді. 

Бүгіннен бастап мейрамханалар сағат кешкі 22.00-ға дейін ғана жұмыс істейді. Барлық мекеме қызметкерлері бетперте тағуы тиіс. Сондай-ақ, үйлену тойларына шақыруға рұқсат етілген қонақтар саны 30-дан 15-ке дейін қысқарды. 

Жапония қазанның басында шетелдік азаматтар үшін біртіндеп шекарасын ашпақ. Дегенмен бұл туристерге қатысты емес, деп хабарлайды Asahi газеті. Басылым мәліметінше, жеңілдік негізінен медициналық, білім және іскерлік саладағы қызметкерлер үшін болмақ. Ал, Үндістандағы Тәж Махал жарты жылдық үзілістен кейін бүгін қайта ашылды. Санитарлық талап бойынша қонақтардың күнделікті саны 5 мың адамнан аспауы керек.