Соңғы тәулікте тіркелген 93 науқастың 61-і – ауру белгісі барлар
Оралда соңғы үш күнде 180 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, қалада 25 қаңтар күні – 58, 26-сында – 64, кеше тағы 58 адамнан індет табылды.
Облыста үш күнде барлығы 285 адам індетке шалдықты.
Аудандар арасында Бәйтеректе коронавирус өрши түсуде.
Мұнда 25-і күні 26, 26-сы күні 23, кеше 24, барлығы 73 адамнан ковид анықталды. Сондай-ақ Ақжайық ауданында соңғы үш күнде 10, Теректіде 9, Бөрліде 6, Тасқалада 5 адамның ауырғаны белгілі болды.
Өңірде қаңтар айында 1457 адам коронавирус жұқтырса, соның 929-ы – ауру белгісі барлар, 528-і – симптомы жоқтар.
Соңғы тәулікте тіркелген 93 науқастың 61-і – ауру белгісі барлар. Бұлардың 19-ы бұрын ауырғандармен байланыста болған, біреуінен профилактикалық мақсатта сынама алынған, 38-і эпидемиологиялық көрсеткіштер, үшеуі эпидқадағалау бойынша қаралған. Симптомы жоқ 32 адамның 22-сі бұрын сырқаттанғандармен қарым-қатынаста болған. Төртеуі профилактикалық, алтауы эпидқадағалау мақсатында сынама тапсырған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда бір айда 100-ге жуық баланың коронавирус жұқтырғанын, өңірде 8500-ден астам медицина қызметкерін егу көзделіп отырғанын жазған болатынбыз.