Алматыда эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша коронавирусты жұқтыратын негізгі орындар анықталды. Мұндағы тізімде сауда және тамақтану орындары жұқтыру жөнінен көш бастап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Соңғы аптада КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай айтарлықтай нашарлады. 23 шілдеден бастап КВИ-ді тәуліктік тіркеу 1 мыңнан асты. 23 шілдеде – 1080 жағдай, 24 шілдеде – 1191 жағдай, 25 шілдеде – 1219 жағдай анықталды. Осылайша, жыл басынан бері КВИ-дің 72 696 жағдайы тіркелді, ал айдың басынан 25 шілдеге дейін – 16 911 жағдайы анықталды.
Өткен аптада алдыңғымен салыстырғанда, КВИ жағдайының тіркелуі 1,2 есеге – 5 483 жағдайдан 6 818 жағдайға дейін өсті, тәуліктік өсім 1,3%-ды құрады. Симптомдық науқастардың үлес салмағының артуы баяулап, 90% деңгейінде қалды.
Соңғы 2 аптадағы жас құрамын талдау бойынша 1 жасқа дейінгі балалардың дерт жұқтыруы 0,3%-ға артып, 2,8%-ды көрсетті (өткен аптада 135 болса, тағы 178 бала қосылды). КВИ дерті 20 мен 40 жас аралығындағы жастар арасында – 38%, 40 пен 59 жас аралығындағы азаматтар арасында – 25% және 60 жастан асқан адамдар арасында – 20% құрайды. Қалған жастағылар адамдар арасында айтарлықтай өзгеріс жоқ.
Халықты жұмыспен қамту бойынша соңғы 14 күнде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың – 41% (бұрынғы деңгейде), түрлі ЖШС, ЖК, АҚ қызметкерлерінің – 18% (1% – ға өсу), зейнеткерлердің – 17,1% (1% – ға өсу), сондай-ақ оқушылардың – 9% (0,2%-ға төмендеу) және мектеп жасына дейінгі балалардың – 6,3% (бұрынғы деңгейде) КВИ дертін жұқтыруы басым, бұл жалпы санының 91%-дан астамын құрайды.
Соңғы аптада белгіленген жұқтыру орындары бойынша, алдыңғымен салыстырғанда, туыстармен және көршілермен байланыс кезінде КВИ жұқтыру деңгейі 0,2 – 0,4%-ға артты.
Жұқтыру қаупі жоғары орындар бойынша орамішілік азық-түлік емес дүкендерде 0,1%-ға және қоғамдық тамақтану нысандарында, мейрамханалар, кафе мен асханаларда – 0,2%-ға, монша мен сауналарда – 0,4%-ға жұқтыру байқалды.
Соңғы 7 күнде КВИ жұқтырудың негізгі орындары сауда нысандары – 35%, отбасылардағы байланыстар – 19%, қоғамдық көлікте қатынау – 16%, базарлар - 14%, саябақ пен халық демалатын жаяу жүргіншілер көшелері – 3,6% құрады.
КВИ таралуына жол бермеу жөніндегі штаб Алматы тұрғындарын қазіргі қалыптасқан ахуалға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Карантиндік шектеу мен бетперде режимін қатаң сақтау қажет. Денсаулықты қорғаудың жалғыз жолы – вакцина алу. Осыған байланысты қала тұрғындары белсенді түрде вакцина алып, туыстары мен жақындарын екпе пунктіне ыңғайлы уақытта шақыруы керек.
Жалпы, 1 ақпан мен 26 шілде аралығында I компонентпен 680 722 адам екпе алды. 60 жастан жоғары вакцина алған адам саны 95 813 адамды құрайды. Қалада медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базар мен қаланың СОСО-да 212 вакцина пункті жұмыс істейді. 1 260 адам жұмылдырылған 308 екпе бригадасы жұмыс жасауда.