Солтүстік Қазақстан облысында ақпан айында мектептердің 53 оқушысы коронавирус жұқтырса, жыл басынан қауіпті инфекция жоғары оқу орнының 3 студентінде анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, қыркүйек айынан – жаңа оқу жылы басталғалы өңірде мектеп оқушылары арасында коронавирус жұқтырудың 531 жағдайы тіркелген. Оның 289-ында балалар штаттық режимде оқыса, 244 оқушы қашықтан білім алып жүріп жұқтырған.
«Ақпан айында 53 мектеп оқушысында КВИ анықталды. Олардың басым бөлігі – 42 жағдайда балалар мектепте білім алған. Ауырғандардың 11-і қашықтан оқыған.
Ал қаңтар айынан бастап осы күнге дейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 3 студентінде коронавирус табылды. Жастардың екеуі қашықтан, біреу штаттық режимде оқыған. Оның группаластары осы жағдайдан кейін қашықтан оқуға жіберілді», – дейді Әсет Жұматаев.
Департамент басшысының айтуынша, қазір өңірде 4 мектеп карантинге жабылған. Есіл ауданындағы Заградовка орта мектебі, Қызылжар ауданындағы Озерный, Соколов және Ғ.Мүсірепов ауданындағы Целинный орта мектептерінің оқушылары қашықтан оқуға жіберілді. Бұған дейін 13 ақпаннан бастап СҚО-да карантин талаптарының жеңілдетілетінін айтқан едік.