Еліміздің бірнеше аймағына «Гуманитарлық көмек – тегін» деген штамппен таратылатын болады
Алматыға Оңтүстік Кореядан гумманитарлық көмек келді. Жалпы салмағы 1,5 тонна жүкте негізінен медициналық препараттар мен қорғаныс және дезинфекциялық құралдар бар. Ол арнайы еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолданған. Өз кезегінде аталған агенттік «СҚ-Фармация» арқылы жүктің діттеген жеріне жеткенше бақылауда ұстайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Аталған жүкті Халықаралық зердені дамыту институтының директоры, Корея Республикасындағы жергілікті мемлекеттік қызметшілерге арналған оқу бағдарламаларын жасаушы, профессор Джо Гю Юн мырза жіберіп отыр. Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Джо Гю Юнмен тығыз байланыста», – деді қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Нығмеджан Сапаров.
Аталған жүк қажетіне қарай еліміздің бірнеше аймағына «Гуманитарлық көмек – тегін» деген штамппен таратылатын болады. Яғни, нарықта саудалануға жол бермес үшін. Жалпы соммасы 50 мың АҚШ доллары болатын гуманитарлық көмек ішінде 10 қорапша антибиотик, 50 қорапша дезинфекциялық құралдар, 10 мың дәрумендер, 20 мыңнан астам жеке қорғаныс құралдары бар. Мұны екі ел арасындағы бірліктің сипаты десті күтіп алушылар.
«Оңтүстік Корей елі қазіргі уақытта бірнеше елге көмек көрсетіп жатыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Себебі, екі ел арасындағы ынтымақтастық күн сайын артып келеді. Мұндағы дәрі-дәрмек науқастанып жатқандардың сауығып кетуіне септігін тигізеді деп ойлаймын. Себебі, олар ертең ел үшін еңбек ететін мамандар», – деді Халықаралық ақыл-ой институтының өкілі, профессор Пак Сонг Су.