Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандар саны 1,5 есеге өскен

23.10.2020 19:19

Инфекция көбіне сырттан келгендерден анықталған

kyzylorda-news.kz

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі аптада коронавирус жұқтырғандар саны 1,5 есеге өскен. Инфекция көбіне сырттан келгендерден анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мамандар тұрғындардың көрші Ресейдегі туған-тустарына қатынауын азайтпай тұрғанын айтады. Жалпы облыс бойынша пандемия басталғалы 4326 адам коронавирус жұқтырып, 25 адам көз жұмған. Соңғы тәулікте өңірде тағы 9 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Індет жұқтырғандар ішінде 65 жастан асқан қариялар көп.

«Біріншіден, ағымдағы аптада әкелінген жағдайлар арасында КВИ ауруының тіркелуі 4% -ға өсті. Екіншіден, КВИ тестілеу көлемі өсуде. Халықтың 21%  немесе 117 мың адам тестілеуден өтті, өткен аптамен салыстырғанда тестілеумен қамту 1,6 есеге өсті немесе 4 541-ден 7414-ке дейін. Сонымен қатар, жоспарлы және шұғыл ауруханаға жатқызу көлемі 17% -ға өсті (2069-дан 2419-ға дейін), бүгінде ауруханаға жатқызу кезінде КВИ-ға материал алынады», – деді СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін  бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айнаш Сағындықова.

Өңірде бір жұма ішінде жедел респираторлық вирус белгілерімен 879 адам ауруханаға жүгінген. Мамандар бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға жоғары екенін айтады.  Облыста пандемия басталғалы коронавирус жұқтырғандардың 9 пайызы медицина қызметкерлері. Ал, екі ауданда дәрігерлердің жаппай сырқаттану деректері тіркелген. Мәселен, Ақжар ауданында 7, ал Мамлют ауданында 9 қызметкерден вирус анықталды. Қазіргі таңда осы мекемелердің бас дәрігерлеріне қатысты тексеру жүргізіліп жатыр.

«Біз бұл мекемелерге тексеріске шыққан кезде, карантин режимінің бұзылғаны анықталды. Яғни, әкімшілік жақтан бақылау болмаған. Жауапты тұлғаларды 425-бап бойынша жазаладық. Содан кейін материалды басшылардың іс-әрекеттерінде қылмыстық іс бар ма, әлде жоқ екенін анықтау мақстаныда Ішкі істер департаментіне жібердік», – деді СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін  бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова.