Ол өз жоспарларының жүзеге аспай қалғанына қатты күйзеліпті
Ұлыбританияда 19 жастағы бойжеткен карантинге шыдай алмай, өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv РЕН ТВ агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Айта кетерлігі, Эмили Оуэн суицид жасардан бірнеше күн бұрын коронавирустан гөрі, карантиннен көп адам өледі деп айтқан екен. Бойжеткеннің жақын таныстары оның бүкіл әлемнің бір-бірінен оқшауланып жатқанына және өз жоспарларының жүзеге аспай қалғанына қатты күйзеліп жүргенін айтады.
Эмилидің отбасы оны әсіресе, ешқайда шыға алмай жатқан адамдардың психологиялық жағдайы қатты алаңдатқанын атап өтіпті.
Бойжеткен 18 наурыз күні өзіне-өзі қол жұмсау әрекетінен кейін аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенімен, оны құтқарып қалу мүмкін болмапты. Ол бірнеше күннен кейін көз жұмған.
Айта кетсек, Ұлыбританияда қазіргі уақытта 8 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған, 400-ден астам қауіпті вирустан көз жұмған.