Алматыда COVID-19 анықтайтын 20 зертхана бар

30.03.2021 20:50

Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты

Фото: ашық дереккөзден



Алматыда санитария мамандары тұрғындарға жаппай вакцинация жасау шараларына кірісіп кеткен. Қазір шаһарда вакцина жасауға арналған 40 егу пунктері жасақталған. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин арнайы брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

 Оның сөзінше, егу пунктері ойын-сауық және сауда орталықтарында, базарларда барлық тазалық талаптарын сақтай отырып дайындалған.

Сондай-ақ, резервте 47 пункт болады. Жалпы 80-100 егу пунктін уақытша ашу жоспарланыпты. Бұдан бөлек бас санитар вирусқа қарсы жасалып жатқан бірқатар шараларды атады.

«Былтыр бізде 4 зертхана болды. Олардың қуаттылығы 3 мыңға жетпеуші еді. Қазір біз 20 зертхананы іске қосып отырмыз. Олардың қуаттылығы 14,5 мың», – деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин .

Сондай-ақ, мамандар қаладағы эпидахуал әлі де күрделі екенін айтады. Айналымда жүрген вирустан сынамалар алынып, олардан британдық және оңтүстік африкалық штаммдар анықталған. Әсіресе, оқушылар мен мектепке дейінгі балалар арасында жұғу деңгейі бірнеше есеге артқан. Қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте 545 жаңа жұғу дерегі тіркелген.

«Оның ішінде 468-і симптомдық белгілері бар және 77 симптомсыз. Барлық инфекциялық стационарларда (5 000 төсек-орын) физикалық тұрғыдан 2 696 адам (108 бала) ем алуда, оның ішінде аса ауыр - 32 науқас», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев.