Медеу ауданында мониторинг топ демалыс күндері 104 нысанды тексерген

Almaty.tv
Almaty.tv
Олардың бұл әрекеті әлеуметтік желіде тарап кетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда түнгі уақытта көңіл көтеріп жүргендер тексерушілерден қоршауды бұзып секіріп қашты. Олардың бұл әрекеті әлеуметтік желіде тарап кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Видеода санитарлық талапты бұзғандардың бірін-бірі итеріп, тым-тырақай қашқаны түсіп қалған. Белгілі болғандай, Медеу ауданының мониторинг тобы түнгі клубты тексеруге барған. Бірақ сырттай қарағанда көңіл көтеретін нысан істемей тұрған іспетті болыпты. Тек оқиға орнына тәртіп сақшылары шақыртылған соң, клуб әкімшілігі құлыпты ашқан. Мамандар Медеу ауданында орналасқан көңіл көтеретін жердің заңбұзушылыққа барғанын анықтады. Жауаптылардан тиісті шара қолдану үшін түсініктеме алынды.

«Өткен түні біз түнгі клубтардың жұмысын тексеруді мықтап қолға алдық. Өйткені ескертулерге қарамастан астыртын жұмыс істейтін мекемелер көбейіп кетті. Тексеру тобы 2 түнгі клубтан заң бұзушылықтарды тапты. Екі мекемеден бас-аяғы 51 адам аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілді», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Берік Солтанбаев.

Медеу ауданында мониторинг тобы демалыс күндері 104 нысанды тексерді. Жалпы бұл жұмыс ары қарай да жалғаса бермек. Айта кетейік, қазан айының аяғынан бері халық көп жиналатын мейрамхана, дәмхана, түнгі клуб секілді 472 нысан тексерілді. Олардың 90-ға жуығында санитарлық талаптардың сақталмауы тіркелді. Басым бөлігі жұмыс тәртібін сақтамай, келушілерді шектеусіз кіргізе берген.

Новости партнеров