Өткен аптада әлемде 12 миллион адам коронавирус жұқтырған

24.03.2022 19:38

Індет әсіресе Оңтүстік Корея мен аспанасты елінде өршіп барады

Almaty.tv

Әлем бойынша өткен аптада 12 миллионнан аса адам коронавирус жұқтырды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Індет әсіресе Оңтүстік Корея мен аспанасты елінде өршіп барады. Қытай билігі 30-ға жуық аймақта «стелс-омикрон» штамының рекордтық көрсеткіші тіркелгенін мәлімдеп отыр. Осыған байланысты бірқатар провинция карантинге жабылған. Еуропа елдерінде де жағдай мәз емес. Онда карантин шараларының жеңілдеуі салдарынан ковид жұқтырғандар саны 5 миллионнан асып, 12 мыңнан аса науқас көз жұмды.  

«Германия, Франция, Италия, Грекия және Ұлыбритания елдерінің коронавирусқа қарсы шаралардан бас тартуы асығыс шешім болды. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл мемлекеттерді вируспен күресу саясатын қайта қарауға шақырады. Пандемияны тоқтату үшін біз ұсынған бағдарламаны жүзеге асырған дұрыс. Ең алдымен, егде жастағы адамдарды инфекциядан қорғап, бақылау жүйесін нығайту қажет», - деді ДДСҰ Еуропалық бюросының басшысы Ханс Клюге.

Ал Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал жақсарып келеді. Соңғы тәулікте ел бойынша 12 отандасымыз індетке шалдыққан. Республиканың 12 аймағында вирус жұқтыру жағдайы тіркелмеген. Алматыда өткен тәулікте 8 науқас вирус жұқтырған.