Бұл – COVID-19-бен күресу үшін ұйым мақұлдаған алтыншы препарат
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) моноклональді антиденелерге жататын тоцилизумабты коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге арналған препараттар тізіміне енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ-ның Жаңалықтар сайтына сілтеме жасап.
Бұл – COVID-19-бен күресу үшін ұйым мақұлдаған алтыншы препарат. Препараттардың үшеуін Roche компаниясы өндіреді. ДДСҰ фармацевтикалық компаниялар тарапынан қызығушылық артып, бәсекелестіктің арқасында баға төмендейді деп үміттенеді. COVID-19-дың ауыр немесе аса ауыр формасымен ауыратын науқастардың иммундық жүйесінің реакциясы шектен тыс болады. Мұндай реакцияны интерлейкин-6 ингибитор-препараттары, оның ішінде тоцилизумаб басады.