Сонымен қатар оқушылар арасында коронавирус жұқтыру деректері 13 есе азайған
Қазақстанда коронавирустан өлім-жітім 4,1 есе азайды. Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шорановтың айтуынша, эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сонымен қатар оқушылар арасында коронавирус 13 есе азайыпты. Дегенмен, Павлодар, Ақмола, Маңғыстау, Түркістан облыстарында сырқаттанудың 1,4 есеге дейін өсуі байқалған.
«Мектепке дәстүрлі форматта баратын оқушылар арасында 15 028 жағдай тіркелді. Оның ішінде байланыста болған адамдар арасында 1317 науқас анықталды. Бұл ауырған оқушылардың жалпы санының 8,7 пайызына тең. Қазан айының соңғы екі аптасында оқушылар арасында сырқаттану 1,3 есе төмендеді... Ошақтарда 159 мың байланыста болған адам анықталды. Оның ішінде 0,8 пайызында COVID-19-дың оң нәтижесі анықталды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов.
Бүгінде Қазақстан халқының 40,2% коронавирусқа қарсы егілген. Вакцинаның 1-компонентімен 8 миллион 300 мыңнан астам адам қамтылса, 2-компонентті 7 миллион 600 мыңға жуық адам салғызыпты. Ал Pfizer вакциналары 8-14 қараша аралығында келеді деп болжанып отыр. Барлығы 2 млн адамға 4 млн доза вакцина әкелінеді.
«Дегенмен көрші елдердегі жағдайды да ескеру керек. Барлық өңірде шектеу шараларының сақталуын қамтамасыз ету қажет. Мониторинг топтары күшейтілген режимде жұмыс істеуге тиіс. Вакциналау қарқыны айтарлықтай жақсарған жоқ... Нұр-Сұлтан қаласы, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстары вакциналау қарқынын күшейтсін», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.