Павлодар облысының тұрғыны коронавирусты емделіп жүріп жұқтырып алған

23.05.2020 18:43

Павлодар облысында коронавирус инфекциясымен ауырған 177 адам тіркелген

иллюстрированное фото из открытых источников

Павлодар облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 адам тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәліметіне сілтеме жасап.

COVID-19-ды Баянауыл ауданының 1959 жылғы тұрғынының жұқтырғаны белгілі болды.

«22 мамырда әйел адам Павлодар облысының кардиологиялық орталығына жоспарлы консультация алуға жүгінген. Қаралу кезінде пациент әлсіздікке, ентігуге, жөтелге, кеуденің ауырсынуына, жіліншігі мен табанының ісінуіне шағымданған», - делінген хабарламада.

Қойылған диагноз: екіжақты плевропневмония, дем жетіспеушілігінен жағдайы шамамен орташа ауыр, жүрек қызметінің декомпенсациясы.

Анамнезден белгілі болғандай, 13 мамырдан 21 мамырға дейін әйел адам Екібастұз қаласының жеке медициналық орталығында стационарлық ем алған, ол жерде 2-типтегі қант диабеті анықталған.

22 мамырда ПТР зерттеу нәтижесі бұл кісінің COVID-19 вирусын жұқтырғанын көрсетті. Емделуші облыстық аурухананың жұқпалы аурулар госпиталіне жатқызылды. Қазір науқаспен байланыста болуы мүмкін адамдар тобы анықталып, эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр.

Бүгінде Павлодар облысында коронавирус инфекциясымен ауырған 177 адам тіркелген.