Алматы қаласы бойынша коронавирус инфекциясының таралуына байланысты эпидемиолог дәрігерлер қала тұрғындарына тағы да бірқатар ұсыныстар берді, сонымен бірге, қала тұрғындарын белгіленген карантин шараларын сақтауға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дәрігер эпидемиологтар тәулікке қарамастан әрбір расталған немесе коронавирус инфекциясын жұқтыру мүмкін (ықтимал) болған жағдайларға эпидемиологиялық тексеру жүргізеді. Қазіргі уақытта аталған қызмет тәулік бойы істейтін режимге көшкен. Әрбір жағдайды зерттеп, байланыс жасағандарды анықтағаннан кейін эпидемиологиялық қызметтегілер КВИ расталғандарды емдеу үшін оларды қайда жеткізу керектігін және байланыс жасағандарды оқшаулау үшін қайда жолдау керек екенін анықтайды. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, сонымен бірге, медицина қызметкерлерінің арасында коронавирус инфекциясының таралуын (жұғуын) болдырмау үшін денсаулық сақтау ұйымдарына инфекциялық бақылау жүргізеді, сол арқылы мамандар тапшылығының алдын алады.
«COVID-19 – бұл осыған дейін адам баласы ешқашан ұшырасып көрмеген қауіпті және жасырын инфекциялық ауру. Әзірге одан вакцина жоқ, және одан өзіңді қорғаудың жалғыз жолы – ол қолды таза ұстап, әлеуметтік қашықтықты сақтау, антисептиктерді пайдалану және шектеу шараларын ұстану. Аурудың күрт өршуінен тек осылай ғана айналып өте аламыз», – деп хабарлады эпидемиолог дәрігер Динара Бектұрсынова.
Динара Бектұрсынова вирустың ауа тамшылары арқылы таралатынын түсіндірді. Коронавирусты жұқтырған адам вирусты сөйлесу кезінде, түшкіргенде және жөтелгенде айналасындағыларға жұқтыруы мүмкін, соған байланысты 2 метрге дейін әлеуметтік қашықтықты сақтау керек. Вирусты жүрек қан тамырлары және эндокриндік жүйе ауруларына шалдыққандар жиі жұқтырады. 65 жастан асқан адамдарда осындай патологиялар жиі кездеседі, сондықтан олар тәуекел тобына енген.
Вирус беткі қабатта өмір сүруге қабілетті, бірақ дезинфекциялық құралдарға төзімділігі төмен. Сол себепті тұрғындарға жуғыш заттарды қоса отырып, үйде ылғалды тазалық жүргізуге және тазалық жүргізгеннен кейін шүберектерді жақсылап жуып, кептіруге кеңес берілді. Сонымен бірге, ғимараттарды әрбір екі сағат сайын 10-15 минут желдетіп отыру қажет.
Динара Бектұрсынова сырқат белгілері болған жағдайда дәрігерге хабарласып, оқшауланып, үйден шықпау қажеттігін еске салды.