Тілеухан Әбілдаев карантин басталғалы бері 3 рет тест тапсырған
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев 14 күнге оқшауланған. Қазір ол жұмысына қонып жүр. Бұл туралы онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен 6 күн бұрын орталық клиникалық ауруханаға бір науқасты қарауға барған болатынмын. Ол кезде менімен сол мекеменің бас дәрігері мен бөлім меңгерушісі болды. Сондықтан да мен вирус жұқтырғандармен байланыста болуым ықтимал болғандықтан 14 күнге оқшаулануға бел будым», - деді басқарма басшысы.
Тілеухан Әбілдаев карантин басталғалы бері 3 рет тест тапсырған. Үшеуінде де теріс нәтиже көрсетілген.
«Қазір мен халыққа жұқтырмау үшін өз офисімде қонып жүрмін», - деді басқарма басшысы.
Айта кету керек, Алматыда Орталық клиникалық ауруханада коронавирус инфекциясын дәрігерлер жаппай жұқтыра бастады.
Қазір аурухана карантинге жабылған. Барлық байланыста болған дәрігерлер «Көктем» шипажайында жатыр.