Медеу, Алма-Арасан және басқа да ұлттық парктерге баруға және тауға шығуға тыйым салынады
Демалыс күндері Қазақстанда карантин шектеулері тағы да күшейтіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың қаулысына сәйкес, 17 тамыздан бастап елімізде карантин шараларының әлсіреуі тек жұмыс күндеріне қатысты.
Демалыс күндеріне арналған ереже:
• қоғамдық көлік қозғалысын шектеу;
• 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуын шектеу;
• сауда үйлерінің, сауда желілерінің, сауда және ойын-сауық орталықтарының жұмысын азық-түлік супермаркеттері мен олардағы дәріханаларды қоспағанда тоқтата тұру;
• азық-түлік емес және жабық жердегі азық-түлік базарлардың жұмысын тоқтата тұру;
• сұлулық салондарының, шаштараздардың, спа-орталықтардың, косметологиялық қызметтер көрсететін объектілердің жұмысын тоқтата тұру;
• фитнес-орталықтар мен спорттық-сауықтыру орталықтарының жұмысын тоқтата тұру;
• қоғамдық моншалардың, сауналардың жұмысын тоқтата тұру;
балалар мен ересектердің білім беру орталықтарының, түзету кабинеттерінің жұмысын тоқтата тұру;
• ашық ауада аттракциондардың жұмысын тоқтата тұру.
Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігерінің шешімімен демалыс күндері қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысы шектеледі. Жұмыс күндері кафелер мен мейрамханаларда ішке 30 келушіге дейін кіргізуге рұқсат етілсе, демалыс күндері нысандар тек жазғы террасалармен шектелуі керек. Сондай-ақ, демалыс күндері оларға тамақ жеткізуге рұқсат етілді, бірақ өзің барып алып кетуге тыйым салынды.
Алматы тұрғындарына демалыс күндері Медеу, Алма-Арасан және басқа да ұлттық парктерге баруға және тауға шығуға тыйым салынады.
Одан бөлек демалыста жұмыс күндері қолданылатын барлық шектеу шарасы күшінде қалады.