1-қыркүйектен бастап барлығы 365 адамнан коронавирус инфекциясы тіркелген
Ақтөбеде соңғы тәулікте 2 оқушыдан COVID-19 анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы бойынша соңғы тәулікте 10 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 8-і Ақтөбе қаласы, өзгесі Мұғалжар мен Алға аудандарының тұрғыны. Вирус жұқтырғандардың екеуі мектеп оқушысы.
«Жалпы соңғы аптада 4 оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның екеуі кеше тіркелді. Бәрі Ақтөбе қаласындағы мектепте білім алып жүрген бала. Қазіргі уақытта №64 мектептің 6 сыныбы, №9 мектеп-лицейінің 2 сынып, №20 мектептің 3, 2 сынып оқушылары карантинге алынып, сыныптар 14 күнге қашықтан оқытуға жіберілді»,– деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.
Айта кетейік, 1-қыркүйектен бастап барлығы 365 адамнан коронавирус инфекциясы тіркелген. Оның 36-ы бала.
«Қазір коронавирус инфекциясын жұқтырған 20 адам ауруханада жатыр. Екеуі жансақтау бөлімінде. Ал 400-ден астам адам үй карантиніне алынған. Пневмония бойынша 41 науқас ем қабылдап жатыр»,– деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Қожин.