Ол соңғы аптада өткен аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 3% - ға өскенін атап өтті
ОСК-да Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлау алдындағы үгітін өткізу кезінде республикада COVID-19 коронавирустық инфекциясының, тұмаудың және ЖРВИ таралуының алдын алу шаралары мен эпидемиологиялық жағдай мәселелер бойынша отырыс өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Республикада коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес республика және барлық өңірлер жасыл аймақта орналасқан. Тәулігіне COVID-19 бойынша ПТРдің оң нәтижелі 300-ге дейін жағдайы және ПТРдің теріс нәтижелі 40-қа дейін жағдайы тіркеледі, науқастардың 99%-ы сауығып кетті", - деп хабарлады отырыс барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі - Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова.
Ол соңғы аптада өткен аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 3% - ға өскенін атап өтті.
Сонымен қатар, оның айтуынша, 12 өңірде (Астана, Алматы қалалары, Ақмола, Ақтөбе, ШҚО, Абай, БҚО, Қарағанды, Ұлытау, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) R көрсеткіші бірліктен жоғары, бұл инфекцияның таралуының өскенін көрсетеді.
Осыған байланысты, А.Есмағамбетова R көрсеткішін 1-ден жоғары тіркеу кезінде БМСДҚ-ға сәйкес халық көп жиналатын жерлерде бетперде тағу ұсынылатынын еске салды.
Қазіргі уақытта ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі байқалады, осылайша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 20%-ға өсті.
Республикадағы коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы жағдайды, сондай-ақ ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық маусымның барысын ескере отырып, сайлауалды жария іс-шаралар мен сайлаушылармен кездесулер өткізу кезінде А. Есмағамбетова мынадай қағидалар ұстануды ұсынды:
1) халықтың топталуын болдырмау үшін кең үй-жайларды пайдалану;
2) үй-жайларда желдету/ауаны баптау жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі;
3) ауаны жасанды желдету жүйесі болмаған жағдайда іс-шара басталар алдында үй-жайды желдетуді жүргізу;
4) сайлаушылармен кездесулер өткізу кезінде бетперде режимін сақтау.