Батыс Қазақстан облысында 3 жасар бала коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қаратөбе ауданында 3 жасар баладан коронавирус анықталған. Қазіргі таңда ол барған балабақша карантинге жабылыпты.
«Балаға операция жасалман бұрын одан COVID-19 вирусының бар-жоғын білу үшін ПТР-тест алынған. Тест оң нәтиже көрсеткен. Ол балабақшадағы кезекші топқа барған. Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру мекемесі карантинге жабылды. Балабақшадағы барлық тәрбиеші мен балалар COVID-19 вирусының бар-жоғына тест тапсырды. Оның нәтижесі әлі шыққан жоқ», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, балабақша ғимаратында дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, БҚО-да коронавирус жұқтырғандар саны 7050-ге жетті. 6 846 науқас аурудан айықса, 121 адам қайтыс болған.
Қазақстанда пандемия басталғалы 113 309 адам COVID-19 жұқтырған. 106 716 науқас аурудан жазылды, ал 1 857 адам көз жұмған.