Қарағанды облысында тағы 13 адамнан COVID-19 вирусы анықталды

17.05.2020 19:54

Қазіргі уақытта облыста коронавирус жұқтырған 232 адам тіркелген

Фото: ашық дереккөзден

Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 13 адам тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабына сілтеме жасап.

«Вирусты жұқтырғандар — 1994 жылғы ер адам, 1970 жылғы әйел адам, екеуі де Қарағанды қаласының тұрғыны; 1994 жылғы әйел адам ‒ Абай ауданы Топар кентінің тұрғыны; 1969, 1956, 1989 жылдары туған үш ер адам, 1996, 1975, 1962 жылдары туған үш әйел адам, олар Бұқар жырау ауданының тұрғындары; біреуі 1994 жылғы ер адам, Шахтинск қаласының тұрғыны; қалған үшеуі Теміртау қаласының 1982 (ер адам), 2005, 2016 жылғы тұрғындары. Барлығы коронавирус инфекциясын осыған дейін жұқтырған науқастармен қарым-қатынаста болған», - делінген хабарламада.

Пациенттер жұқпалы аурулар стационарына жатқызылған. ПТР-талдау нәтижесі бойынша оларда COVID-19 вирусы анықталған.

Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынып жатыр. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.

Қазіргі уақытта облыста коронавирусты жұқтырған 232 адам тіркелген, оның ішінде 3 адам көз жұмған және 146 пациент жазылып шыққан.