Мониторингтік топ Медеу ауданында 90 ШОБ нысанын тексерді

31.12.2020 в 00:59

20-ға жуығы карантин режимін бұзған

Медеу ауданында тексерілген 90 шағын және орта бизнес нысанының 20-ға жуығы карантин режимін бұзған. Қаладағы кафелер мен ресторандар шектеулерге қарамастан түнгі 11-ден кейін жұмыс істеуді тоқтатпай отыр. Ал бұған дейін қорқор тұтынуға тыйым салынса да оны елемейтін көңіл көтеру орындары әлі бар. Мониторингтік топ жүргізген рейд жмыстары туралы толырық Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Түнгі 23.00-ден кейін жасырын жұмыс істейін нысандарды тексеруді мониторингтік топ өкілдері күнде жүзеге асырады. Олар тағы да жертөледе тығылып клиент қабылдаған барды анықтады. Емен-жарқын отырған жастар камераны көре сала бірден жүздерін жабуға тырысты. Ал көңіл көтеру орнының иесі қатерге баруға мәжбүр болғанын айтады.

Осы сияқты тағы бір нысанның есігі келушілер үшін ашық тұр. Карантин талаптары мүлде сақталмаған. Тіпті ғимарат ішін құдды бір тұман басқан секілді. Жаныңдағы адамның өзі әрең көрінеді. Кафе иелері елде тыйым салынған қорқорды келушілерге ұсынудан тайсалмаған.

«Мониторингтік топтар таңғы 04.00-ге дейін тексеру жұмыстарын жүргізеді. Заң бұзушылықтар көбіне демалыс және мереке күндері анықталады. Мәселен, соңғы демалыс күндері жасырын қызмет еткен 4 объекті әшкереледік. Онда ұжымдық кештер өткен. Ал жұмыс күндері түнде адам қабылдаған 1 немесе 2 нысан, кейде тіпті анықталмайды», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Нұрқасымов.

Жалпы Медеу ауданы бойынша заңсыз жұмыс істеген орындардың 4-еуін жабу туралы іс сотқа жіберілген. Айта кетейік, карантин талаптарын елемеген бизнес нысандарының иелері 638 мың теңге, ал жеке тұлғалар 83 мың теңге айыппұл арқалайды.

Назкен Еркін, Аянрафи Нәрікбаева, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы