Әлеуметтік арақашықтықты сақтау 2022 жылға дейін талап етілуі мүмкін – Елжан Біртанов

13.06.2020 19:56

Министр қоғамдық орындарда маска киіп жүруге және мүмкіндігінше үйден жұмыс істеуге кеңес берді

esquire.kz

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook желісіндегі парақшасы арқылы қазақстандықтарға үндеу жасап, жеке карантин ережелерін қатаң сақтауды сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Дәл қазір жауапкершілікті мойнымызға алып, әрқайсымыз «жеке карантин» ережелерін мұқият үйренер және оны өмір салтына айналдырар кез келді», - деп атап өткен министрі індетті жұқтырып алмау үшін қарапайым ғана шараларды сақтау керек екенін еске салды:
1. Жұмыста, көлікте, көшеде, дүкенде және т.б. жерлерде мүмкіндігінше арақашықтықты сақтаңыз;
2. Егер мүмкіндік болса кеңседе емес, үйде отырып жұмыс істеуге тырысыңыз. Туыс, достармен онлайн, видео-қоңырау және өзге де жаңа технологиялардың көмегімен байланыс орнатыңыз;
3. Қоғамдық орындарда маска киіп жүріңіз;
4. Қолды кем дегенде 20 секун сабынмен жиі жуып, санитайзермен сүртіңіз;
5. Өзіңіздің және отбасы мүшелерінің температурасын жиі өлшеп тұрыңыз.

Айта кету керек, дәл осы шаралар наурыз, сәуір және мамыр айларында төтенше жағдай кезіндегі карантинде көп көмектескен. 

Елжан Біртанов қазір әлемнің кей елінде және Қазақстанда коронавирус инфекцияның екінші толқыны жүріп жатқанын ескерте отырып, елімізде екінші толқын мамыр айының соңында карантин талаптарын жеңілдеткеннен кейін басталғанын айтты. Өкінішке қарай, елімізде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны бірден артып кеткен.

«Жақында Гарвард қоғамдық денсаулық сақтау мектебі профессорының зерттеу материалы жарияланды. Онда автор бета-коронавирус маусымы, иммунитет және қарсы иммунитет туралы мәліметтерді пайдаланып, SARS-CoV-2 коронавирусының таралуын есептеген. Айтуынша, күзгі-қысқы кезеңде SARS-CoV-2 қайталанады деп болжаған және толқынды болдырмау үшін 2022 жылға дейін орташа әлеуметтік арақашықтықты сақтау талап етілуі мүмкін – осы уақытқа дейін ұжымдық иммунитет қалыптасады немесе вакцина әзірлеп, оны пайдалануымыз тиіс. Қазір SARS-CoV-2 иммунитеттің дәрежесі мен ұзақтығы белгісіз, сондықтан бірнеше сценарий есепке алынған. Материал мәліметтері бойынша қысқа мерзімді иммунитет (40 апта) жасалуы мүмкін, онда індет жыл сайын қайталанады. Егер мерзімді иммунитет пайда болса (104 апта) - екі жылда бір рет шығады. Ал өмір бойғы иммунитет – вирустың элиминациясы болса, 2024 жылы қайта өршуі мүмкін», – деп жазады ведомство басшысы.

Бұл жаңа инфекция. Бүкіл әлем оны зерттейді, болжам жасайды, індетпен күресу жолдарын іздейді.

Қазір инфекцияның таралуын шектеуге бағытталған шаралар мен жеңілдетілген карантин арасындағы ортақ теңдікті табуып, оны қалыпты өмір салтына айналдыру қажет. Сондықтан коронавирус бізді әлі тағы да әбігерге салары анық екенін айтқан Елжан Біртанов қарапайым сақтық шараларына мән беріп, мұқият қарау керек екенін және алдағы уақытта жағдайы ауыр науқастар саны артуы мүмкін екенін ескертті.

«Алайда, біз жедел жәрдемге кезек күткен пациенттер мен адам өмірін құтқарып үлгере алмай жатқан дәрігерлерді көргіміз келмейді. Қазір оқушылар мен студенттер демалыста. Өкінішке қарай, кез келген бала, шәкірт немесе студент инфекцияны тасымалдаушы болуы мүмкін. Олар достарымен кездесемін деп жүріп, індетті жұқтырып алса, үйдегі егде жастағы ата-ана, жасы үлкен туыстарына үлкен қауіп төндіреді. Оның зардабы да ауыр болмақ», - деді министр.

5 маусымда ДДСҰ халықтың түрлі топтарына арналған маскаға қатысты жаңа ұсыным жасады. COVID-19 таралуының алдын алу үшін міндетті түрде әлеуметтік арақашықтықты (кем дегенде 1 метр) сақтау керек. Медицина қызметкерлеріне, респираторлық ауру симптомдары бар адамдарға, халықтың осал тобына кіретін адамдарға, сондай-ақ 1 метр арақашықтықты сақтауға мүмкіндік болмаған кезде маска кию ұсынылады. Сонымен қатар, ДДСҰ COVID-19 жеңіл симптомдары бар адамдарға медициналық маска киюге (және медициналық көмекке жүгіну) кеңес береді. ДДСҰ пандемия жоқ деп мәлімдеді деген пікір қате, әңгіме симптомсыз пациенттер COVID-19 аз жұқтыратыны және жалпы оның басқа адамдарға берілмейтіндігі туралы. Бұл тұрғыда, масканы тек індеттің симптомдары байқалған адамдарға, қосымша аурулары бар қарттарға және 1 метр арақашықтықты сақтау мүмкін болмаған кезде ғана киюге кеңес береді. Бәрінің маска киюі міндетті емес.

«Сонымен, Сіз «жеке карантин» ережелеріне немқұрайлы қарамай, жауапкершілік танытсаңыз отбасыңыздың, туыс, достарыңыз бен әріптестеріңіздің, қала мен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етесіз. Біз бірге күрессек қана бұрынғы өмір сүру салтымызға, жұмысқа тезірек ораламыз, туған-туыс, жақындарымызбен қауышып, еркін жүріп-тұруға мүмкіндік туады, қайта саяхатқа шығамыз. Ол үшін әрқайсыңыздан «жеке карантин» талаптарын қатаң сақтауды сұраймын! Өз басыңыздың және жақындарыңыздың амандығы үшін жеке қауіпсіздікке аса мән беріңіз. Ауырмаңыздар!», - деп сөзін түйіндеді Е. Біртанов.