Балалар арасында КВИ жұқтыру деңгейі 1,3 есеге өскен

01.02.2022 в 20:16

Денсаулық сақтау министрі 12 жастан асқан балалардың ата-аналарын вакцина бойынша дұрыс шешім қабылдауға шақырды

Бір аптада балалар арасында коронавируспен ауыру деңгейі 1,3 есеге өскен. Сол себепті Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүгін Үкімет отырысында 12 жастан асқан балалардың ата-аналарын вакциналау бойынша дұрыс шешім қабылдауға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Коронавирус инфекциясымен ауырғандардың жалпы санында оқушылардың 10 пайызынан көбі Түркістан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында, Шымкент және Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген.  

«Офлайн оқытуға көшуді жас адамдардың «омикрон» түрін тез жұқтыруын ескере отырып, аумақтардың әкімдеріне білім беру ұйымдарында санитарлы-дезинфекциялық маска режимін, сыныптардың толықтырылуын және коронавирус профилактикасының өзге де белгіленген шараларын орындау жөніндегі талаптарды қамтамасыз етуді сұраймын. Сондай-ақ 12 жастан асқан балалардың ата-аналарын балаларды вакциналау бойынша шешім қабылдауға шақырамын», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Ал Премьер-министр Әлихан Смайылов елдегі эпидахуалдың тұрақтануына кәсіпкерлердің де жауапты екенін еске салды. Оның айтуынша, бизнес өкілдерінің өздері де жұмысына аса жауапкершілікпен қарауы тиіс.  

«Коронавирусқа қатысты жағдай әлі де тұрақталмай тұр. Індеттің таралу деңгейі әлі де жоғары. Өңірлердің басым бөлігі «қызыл» аймақта- тұр. Ауырудың ең жоғары деңгейі Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркеліп отыр. Сондықтан эидемиологиялық жағдайды әрі қарай бақылауда ұстау қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнестің дамуына кедергі келтірмеу үшін карантиндік шектеулер қайта қаралып, азайтылды», - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.