Әкімдік өкілдері қоғамдық көліктердің карантин жағдайындағы жұмысы туралы айтып берді
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев соңғы бір аптада жолаушылар ағынының төмендегенін, соған қарамай қоғамдық көліктің жоспарлы түрде жолға шығып жүргенін және дезинфекция жұмысының қалай жүргізіліп жатқаны жайлы баяндап, журналистерден онлайн түрде қойылған сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қалалық мобилділік басқармасының шешімімен карантин режимі кезінде Алматы қаласындағы қоғамдық көлік, атап айтқанда автобус маршруттары мен метрополитен штаттық режимде жұмыс жасауда. Соңғы бір аптада жолаушылар ағымы 64%-ға төмендеген. Соған қарамай алматылықтарды еркін тасымалдау үшін автобустардың 95%-ы жоспарлы түрде жолға шығып жүр. Автобустарды дезинфекциялау үшін санитарлық өңдеумен айналысатын екі компаниямен келісім жасалды. Олар түнгі уақытта автопарктердегі барлық автобусты дезинфекциялаумен айналысады. Күндіз соңғы аялдамаларда жылжымалы санитарлық өңдеу бекеттері жұмыс жасауда», – деді С. Телібаев.
Басқарма басшысының айтуынша, метрода қазір жолаушылар ағымы 70%-ға төмендеген. Бірақ метро жұмысы штаттық режимде жалғасуда, деполарда вагондар әрбір рейстен кейін толығымен дезинфекциялануда, ал станциялар әрбір екі сағат сайын тазалануда.
Айта кетейік, карантинге орай, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Алматы облысы бағыттарындағы 49 қалааралық маршрут, сондай-ақ қала маңынан қатынайтын 63 тұрақты қала және қала маңы маршруты (759 автобус) уақытша тоқтатылған болатын. Қазіргі режимге сәйкес қала сыртымен өтетін тұрақты 6 қала маршрутының сызбаларына өзгеріс енгізілді (14, 16, 52, 115, 124,125, 208). Сондай-ақ, 2020 жылдың 20 наурызынан бастап анықталған ауруларды ескере отырып, тағы жеті қалалық маршруттардың сызбаларына өзгерістер енгізілді (№37, 65, 81, 113, 120, 122, 208).
Брифинг кезінде басқарма басшысы С. Телібаев дезинфекция жұмысының неліктен соңғы аялдамаларда жүргізілетініне түсіндірме жасады.
«Қалада 174 соңғы аялдама бар, әр нүктеге кемінде төрт маман қажет, карантин кезінде сонша жұмысшы мен арнайы құралдарды табу мүмкін емес. Сонымен қатар, департамент аялдамаларды тазарту жұмыстарын жүргізуде», – деді спикер.
Естеріңізге сала кетсек, қауіпті індетті таратпау үшін алматылықтардың қоғамдық көлікті аз пайдалануы мақсатымен қаладағы автотұрақтардың бәрі тегін жұмыс жасай бастаған болатын.
«Алматыда такси қызметін бастау туралы хабарлама жіберген 6 ресми такси паркі бар», – деген С. Телібаев олардың барлығы да карантин кезіндегі сақтық шараларын Жүргізетіндігін және такси жүргізушілерінің күніне екі рет медициналық тексерістен өтетінін хабарлады.
Сұрақтар бойынша 1406 және Open Almaty 1308 нөмірлері бойынша тәулік бойы call-center-ге хабарласыңыз. Катаралды белгілері бар адамдар анықталған жағдайда дереу қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызметіне тәулік бойы 382-33-50 телефоны бойынша хабарлау керек.
Ресми ақпарат Алматы қаласы әкімдігінің ресми беттерінде және әлеуметтік желілерде қолжетімді. Қосымша ақпарат жедел түрде Telegram-stopcov Almaty арнасында және Darmen мобильді қосымшасында орналастырылады.