Ал, АҚШ, Ұлыбритания мен Ирландия шекарасын толығымен жапты
Испания билігі Италиядағы болып жатқан оқиғаларды көріп, өз еліне карантин жариялады. Көше мен көпшілік жерлерде адамдар қозғалысына 15 күндік шектеу енгізді. Қазірдің өзінде бұл елде 6 мыңнан астам адам қауіпті кеселді жұқтырған. Оның 200-ге жуығы көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Франция елінде де карантин. Әлемге әйгілі Эйфель мұнарасы өз жұмысын тоқтатты. Бүгінде азық-түлік сататын дүкендерді айтпағанда мейрамхана, кинотеатрлардың барлығы жабылған. Бұл елде 4500 адам коронавируспен тіркелген. Оның 91-і нақты ауру жұқтырғаны белгілі болды.
Ал, АҚШ, Ұлыбритания мен Ирландия шекарасын толығымен жапты. Бұл туралы Ақ үйде өткен брифингте вице-президент Майкл Пенс айтты. Бұған дейін АҚШ Еуропаның 26 еліне кіруге шектеулер енгізген болатын. Ол елде індетті 2300 адам жұқтырғаны анықталып, 51 адам өлді. Ел Президенті Дональд Трамп 13 наурызда жалпыұлттық төтенше жағдай режимін енгізген. Адам аяғы арылмайтын Тайм Скверде қазір тәртіп сақшылары мен дәрігерлерден басқа ешкім жоқ. Сондай-ақ ертегі әлеміне айналған балалардың әйгілі ойын алаңы Дисней Ленде те жабық. Әлемде КОВИД-19 инфекциясын 143 мыңнан аса адам жұқтырып, оның бес мыңы көз жұмды. Қазір коронавирус 130 елде тіркелген.
Бүгінде Италия мен Иран елінде ауру өршіп тұр. Екі мемлекет 1 а санатына кірген. Ал, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия, Испания және Франция 1-дің б санатына жатқызылыпты. Індет көп таралған 2 категорияға әлемнің 9 елі, ал 3 категорияға 8 мемлекет енгізіліп отыр.