Украинада дәрігерлер ковид жұқтырғандарды жертөледе емдеуге мәжбүр

17.03.2022 22:47

ДДСҰ ресейлік Спутник-V вакцинасын бағалауды кейінге қалдырды

aa.com.tr

Жығылғанға жұдырық. Украинада дәрігерлер ковид жұқтырғандарды жертөледе емдеуге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Харьковта жағдай өте қиын, оған бірнеше аптадан бері шабуыл жасалуда. Ондағылар ауруханаға снаряд түспесе екен деген үреймен күнделікті инфекциямен күресуде. Сол себепті жертөлені жабдықтап қойған.

«Біз мұнда күніне бірнеше рет түсеміз. Көбіне түнгі уақытта кіреміз. Егер дабыл сиреналары, не болмаса бомба дауысы естіле қалса, күндіз де осында келеміз», - дейді Харьков клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Павел Нартов.

«Қаладан тысқары тұратындар күнделікті жұмысқа жете алмай қалады. Сол себепті осында бар қызметкерлер жұмыс істеуге мәжбүрміз. Үй көрмей, бірнеше күн қатарынан болған кездерді де бастан өткеріп келеміз», - деді Харьков клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлімше меңгерушісі Деляр Гарбуз.

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресейлік Спутник-V вакцинасын бағалауды кейінге қалдырды. Тексеріс санкциялық шектеулерге байланысты тоқтатылды.   

«Біз 7 наурызда Ресейге барып, тексерулер жүргізуіміз керек еді. Бірақ ол кейінге шегерілді. Сондықтан нақты қашан баратынымыз әзірге белгісіз», - деді ДДСҰ Бас директорының көмекшісі Марианджела Симао.