Қайрат Нұртастың басы тағы да дауға қалды: полиция 3 сағат қоршауда ұстады

25.03.2021 20:05

Мониторингтік топ пен қалалық штабтың мамандары бірлесіп, көңіл көтеретін орынның ішіне 3 сағат дегенде әзер кірді

Almaty.tv


Қалада мереке күндері жұмысын тоқтатпаған тағы бір мейрамхана анықталды. Мониторингтік топ пен қалалық штабтың мамандары бірлесіп, көңіл көтеретін орынның ішіне 3 сағат дегенде әзер кірді. Ең қызығы, карантин талаптарын сақтамаған қонақтардың арасында елге танымал әншілер мен әртістер де бар. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов өрбітеді.

Біз қазір қаладағы үлкен мейрамханалардың біріндеміз. Іштегі қызметкерлер біздің келгенімізді көрсе де, есікті ашар емес. Амалы қалмаған мамандар әзірге электриктерді шақырып, жарық жүйесін кесіп тастады.

Оқиға Медеу ауданында орын алды. Қаладағы барлық тексерушілер аяғынан тік тұрып, есікті ұзақ уақыт ашпаған мейрамхананы 3 сағат қоршауда ұстады. Бір қарағанда мейрамхана жабық сияқты. Терезелерін жарық көрінбейтін етіп қараңғылап тастаған. Бірақ сыртта көлік көп. Біреуінің иесі, темір тұлпарын қалай болса, солай қоя салыпты. Жол ережесі өрескел бұзылғандықтан, мамандар эвакуатор шақыртып, машинаны алдыртып тастады.

Күтпеген жерден іштегі қонақтардың бірі есікті ашып берді. Барлық келуші әр бұрыш-бұрышқа, тесікке тығылып үлгеріпті. Алайда ешкім құтыла алмады. Ең қызығы олардың арасында танымал әнші Қайрат Нұртас та бар.  

Әншіні көлеңкелеуге тырысқан күзетшілер тілшілерге де тап берді. Тіпті, біздің арнаның операторына шабуыл жасап, камераны сындыруға тырысты.

Кінәні өзінен емес өзгеден іздеуге тырысып баққан арандатушылар да табылды.    

Мұнда келген қонақтар карантин талаптарының халыққа ортақ екенін ұмытқан сияқты. Бас санитардың қаулысын да естімеген болу керек.

Кейін мамандар жарықты қосып, іштегі барлық бөлмені аралап шықты. Бұл жерде туған күн кешінің өтіп жатқанын байқауға болады. Сонымен қоса, қатаң түрде тыйым салынған қор-қор да шегілген. Іздеу жұмыстары аяқталған соң келушілерді қызметтік көлікке тиеп, полицияға біртіндеп алып кетті. Сонда да қарсылық танытқандар болды.

«Өздеріңіз көргендей, бұл мейрамханада адам саны өте көп. Олар карантин талаптарын бұзғаны аздай, жол ережесін де сақтамаған. Көліктерді жолға дұрыс қоймаған. Қазіргі таңда қалада тексерістің күшейтілгенін тағы да ескерткім келеді. Денсаулығымызды ойлап, үйде отырайық. Рейд жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді», – деді СЖҚК агенттігі жанындағы арнайы республикалық мониторингтік топ төрағасының орынбасары Рафаэль Гасанов.

Анықталғандай кәсіпкерлік нысанда 200-ден астам адам болған. Барлығы Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, әкімшілік құқық бұзушылықтың 425-бабына бойынша хаттама толтырылды. Келушілер мен мекеме қызметкерлеріне 87 мың көлемінде, кәсіпкерге 670 мың теңге шамасында айыппұл салынды.

Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы