Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова жақында елордада коронавирустан қайтыс болған төрт адамға қатысты мән-жайды айтты, деп хабарлайды Almaty.tv coronavirus2020.kz сайтына сілтеме жасап.
«Соңғы күндері Нұр-Сұлтан қаласында 4 адам коронавирустан көз жұмды. Бірінші жағдайдағы анализ бойынша 47 жастағы ер адам екі апта бойы үйінде өзі емделген. Екінші жағдайда 68 жастағы науқас үйінен бірден стационарға жеткізілді. Үшінші жағдайда 70 жастағы адам БҚО тұрғыны екенін анықталды. Тұрғылықты жері бойынша кардиолог дәрігердің бақылауында болған. Ол клиникаға жәдел жәрдем бригадасымен жеткізілді. Ал төртінші жағдай 59 жастағы ер адамға қатысты болып отыр. Ол Алматы қаласының тұрғыны екенін белгілі болды. Науқас дәрігерлердің көмегіне өзі жүгінген», - деді С. Қисықова Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, аталған науқастардың денсаулық жағдайының нашарлығына байланысты олар бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Өкінішке қарай, атқарылған барлық ем-дом шаралары нәтиже бермеді.
Бұдан бұрын 10 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустан 47, 59, 68 және 70 жастағы төрт ер адам қайтыс болғаны хабарланған еді.
Айта кетейік, елордада вирус жұқтырған жалпы 2 620 адам анықталды. Оның ішінде 270-і бала. 1 829 науқас немесе 70 пайызы жазылып шықты. Өкінішке қарай, толық көлемде жүргізілген медициналық көмекке қарамастан, 14 адам қайтыс болды.
«Бүгінде коронавирус инфекциясымен 730 науқас ауруханада жатыр. Олардың ішінде 48-інің жағдайы ауыр, соның арасында 18 науқас өте ауыр жағдайда. Олардың өкпелері жасанды желдету аппаратына қосылған», - деді С. Қисықова.