Петропавлдан келесі аптада блок-бекеттер алынатын болды

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
СҚО әкімі Құмар Ақсақалов брифингте шектеулер жағдайды толық бақылауға алуға септігін тигізіп, карантинді күшейту оң нәтиже бергенін атап өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов брифинг өткізіп, Петропавлда келесі аптадан бастап карантин режимі жеңілдететінін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов брифингте шектеулер жағдайды толық бақылауға алуға септігін тигізіп, карантинді күшейту оң нәтиже бергенін атап өтті.

 «9 айдан бері карантин режимінде өмір сүріп келеміз. Бұл кезең ешкімге оңай тиген жоқ. Бәріне түсіністікпен қараған облыс тұрғындарына алғыс айтамын. Қатаң карантин - қажетті шара. Бір ай бұрын қала жабылып, ПТР тест болмаса өтуге тыйым салынды. Өңір тұрғындары уақытша қиындық көрді. Енді жағдайдың тұрақталуына байланысты 14 желтоқсан сағат 00:00-ден бастап біз облыс орталығындағы карантин режимін әлсіретеміз. Петропавл қаласының маңындағы бекеттер алынады»,– деді Құмар Ақсақалов. 

Бұдан басқа облыс орталығында демалыс күндері қоғамдық көлік жұмыс істемек. Облыс бойынша автобус қатынасы ретке келеді. 

Кітапханалар, мұражайлар, театрлар, діни нысандар қайта ашылады. 

Барлық сауда орталықтары мен азық-түлік емес дүкендер таңғы сағат 10.00 мен кешкі 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Бірақ жексенбі күні жабық болады. Сауда орталығындағы супермаркеттер сағат 24.00–ге дейін ашылады. Жабық базарлар таңғы сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істесе, ашық базарлардың жұмысына шектеу қойылмайды. 

Демалыс және мереке күндері сұлулық салондары да клиенттерді қабылдай алады. Дәмханалар мен мейрамханалар иелерінің сұрауы бойынша жұмыс уақыты сағат 22.00-ге дейін ұзартылды. Жексенбі күні тек тамақты жеткізумен ғана айналыса алады. 

Қонақ үйлер мен туризм нысандары тек 80 % толуы керек. Туристік нысандар, фитнес және спорт залдары, бассейндер, спорттық нысандар, балаларға білім беру мекемелері жексенбіде ғана жұмыс істемейді. 

«Көп шектеулер алынады, бірақ вируспен күрес тоқтамайды. Әр адамнан жауапкершілік күтеміз. Бәріміз жеке қауіпсіздік туралы ойлауымыз керек. Отбасының аман-саулығы бірінші орында тұруы тиіс. Бізді алда Тәуелсіздік күні мерекесі күтіп тұр. Жаңа жыл да жақындап қалды. Мейрамдарды үйде, отбасымен бірге атап өтуге шақырамын»,– деді өңір басшысы брифингте. 

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, облыстағы жағдай қалпына келіп, ауырғандардың саны одан сайын азайса, жексенбілік шектеулер де алынып тасталмақ.

Новости партнеров