Тойға барып, сол жерден осындай бәлеге ұшырадым – резервті стационарда жатқан науқас

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыдағы «Халық Аренада» орналасқан резервті стационарға күніне 30-40 адам келіп түседі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы «Халық аренада» орналасқан резервті инфекциялық стационарға күніне 30-40 адам түседі. Көбісі дерттің барына бұрын сенбегендер мен екпе алмаған азаматтар. Бүгін арнамыздың түсірілім тобы қызыл аймақтағы жағдайды білуге тағы барған еді. Ақ халатты абзал жандар қандай ем-дом шараларын қолданады? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатады. 

«Халық аренада» жасақталған инфекциялық стационарға күніне 30-40 адам келіп түседі. Көбінің өкпесі 50%-ға зақымданған. Мұнда демігіп жатқандардың басым бөлігі «дерттің қауіпті екеніне дұрыстап ден қоймадық» дейді. «Сырқаттың бәрі селқостықтан» деген пациенттер көрген азабын айтып берді.

«Тойға барып, сол жерден осындай бәлеге ұшырадым. Жабық ғимарат болатын. Дегенмен мына халық сенбей жатыр. Сенбеудің де себебі әртүрлі, неше түрлі ақпарат бар. Шындығында, бұл өте қиын жағдай, мен де сенген жоқ болатынмын», – деді науқас Ерсін Байжұманов

«Жөтел онша көп болған жоқ, температурам 38,5 ға дейін көтерілді. Одан кейін витаминдер, уколдар салды. Одан кейін бірқалыпқа түстім. Қазір жақсы жағдайым, 36-ға түсті дене қызуым», – деді науқас Қамытбек Нұргелді.

Стационарда мың төсек-орын дайындалған. Қазір 312 науқас ем қабылдап жатыр. 12 пациент қарқынды терапия бөлімінде, олардың жағдайы ауыр деп бағаланған. Әр сырқаттың өзіне белгіленген дәрігері бар. Олар науқасты көзінен де, көңілінен де тасада жібермей бақылауда ұстайды.

Дәрігерлер осындай түрлі тынысты ашатын жаттығуды жасатып, емді протоколда бекітілген ережеге сәйкес жүргізеді.

«Клиникалық протоколдарға сәйкес антиагрегантты, антикоагулянтты гормонатерапиялар болады. Егер пациенттің сатурациясы төмен болса, оттегі береміз», – деді «Халық арена» резервті инфекциялық стационардың емдеуші дәрігері Нұрсұлтан Айнакеев.

Аренада 220-дан астам медицина қызметкері қызмет етеді. Жарғақ құлағы жастыққа тимейтін олардың еңбегі оразан дейді дертінен бері қараған науқастар.

«Бұл ауру адамның психологиясына әсер етеді негізі. Соны ескере отырып, бұл кісілер түсіп жатқан науқастармен жекеше сөйлесіп, барлық мейірімін беріп жатыр. Сол мейіріміне қарап та жазылып кеткендей боласың. Одан кейін мына медбикелер, медағалар, тазалықшылар барлығы да өте жақсы қызмет етіп жатыр»,  деді науқас Бақтыгүл Садықова.

Еске салсақ бұл қосымша стационар қаладағы эпидахуалдың өршуіне орай бір ай бұрын ашылған еді. Соңғы мәліметке сәйкес қалада қазір 6 мыңнан астам адам инфекционарлық стационарларда жатыр.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы



Новости партнеров