Енді ауру белгілері бар және клиникалық белгілері жоқ вирус тасымалдаушылар статистикасы жеке-жеке жарияланады
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушылары бойынша статистиканы жариялай бастайды, деп хабарлайды Almaty.tv министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін де Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдар бойынша статистика жүргізіп келді. Аталған статистикада COVID-19 вирусын жұқтырған, ауру белгілері бар және клиникалық белгілері жоқ адамдар есепке алынды.
Бүгіннен бастап барлық ресми дерек көздерінде коронавирус инфекциясы бойынша ауру белгілері бар және клиникалық белгілері жоқ вирус тасымалдаушылар бойынша статистика жеке-жеке жарияланады.
«Бұл халықаралық тәжірибе және түрлі елдерде қолданылып келеді. Бұлай бөлудің себебі, симптоматикалық емдеуді қажет ететін науқастардың саны бойынша жағдайды көрсету. Сонымен қатар COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ адамдар айналасындағыларға елеулі эпидемиологиялық қауіп төндіреді», - делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда Қазақстанда тестілеу кезінде күн сайын анықталып жатқан жағдайлардың 60%-ға жуығы – инфекцияны симптомсыз тасымалдаушылар екенін атап өткен жөн.
Елімізде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушыларды бақылау жалғаса бермек.