Далада маска кимегендер айыппұл төлейді – бас санитар дәрігер

23.07.2020 20:13

Бас мемлекеттік санитар дәрігердің 43-ші қаулысында жеке қорғаныс құралдарын пайдалану және утилизациялау тәртібі жазылған

Reuters

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова карантин кезінде далада бетперде кию тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

«Карантин жағдайында жабық үй-жайда және далада бетперде кию – міндет. Осыған байланысты тиісті талаптар қойылады. Ал осы талаптарды бұзған адамдар жауапқа тартылады», – деді Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Бас санитардың айтуынша, бетперде коронавирустан қорғайды. Оны ғалымдар дәлелдеген. Оған қоса, адам күніне бірнеше рет бетін ұстайды. Оны өзі де байқамайды. Осындайда вирус тыныс алу жолдары арқылы кіріп кетуі мүмкін. Ал бетперде киген адам бетін ұстаса да, қолдағы инфекцияның жұғу қаупі төмен болады. Осы орайда бас санитар дәрігер бетперде киюде қай қаулы міндеттейтінін де айтты.  

«2020 жылдың 26 маусымында шыққан 43-ші қаулы бар. Сол құжатта жеке қорғаныс құралдарын пайдалану және утилизациялау тәртібі жазылған. Сондай-ақ, бетпердені жабық үй-жайда және далада кию міндеттелген. Санитарлық ережелер де сондай талап қойып отыр», – деп атап өтті Есмағамбетова.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, осы уақытқа дейін республика бойынша 4,5 мың тәртіп бұзушылық анықталды. Соның төрттен бірі – бетперде тағу режимін бұзу фактілері.