COVID-19 індетіне қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген алматылық дәрігерлердің мәселесі басты назарда

23.04.2020 в 04:38

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев осылай деген еді

Almaty.tv

COVID-19 індетіне қарсы күресте алдыңғы шепте қызмет етіп жүрген дәрігерлердің еңбегі ерен. Үйлерінен жырақта жүрген ақ халаттылардың мәселесі басты назарда. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев осылай деген еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Медицина қызметкерлері карантин кезінде уақытша жатақхана, қонақ үйлерде тұрып жатыр. Ондағы жағдай қалай? Тазалық шарасы сақталған ба?

Осы күні Алматы іргесінен келген 3 жарым мыңнан астам  дәрігер қонақ үй мен жатақханаларда тұрып жатыр. Жұмыс ауыр, әрине. Демек, тынығатын жер де жайлы болуы керек. Уақытша жатын орын таңдағанда жергілікті билік алдымен осы мәселені ескерген.

«Бізің жағдайымыз жақсы. Қонақ үйге келгелі біраз болды, барлық жағдай жасалған. Таза су, душ – бәрі таза. Күніне 2-3 уақыт өздері тазалық жасап, біз келгенге дейін дайындап қояды», – деді қалалық Шұғыл-жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі Қалдыгүл ЖҰМАБАЕВА.

Ақ халаттылар тұратын бөлмеге жиі дезинфекция жүргізіледі. Барлығы жеке гигиеналық заттармен қамтамасыз етілген. Өз үйіңе әрине жете қоймас. Бірақ тұрмысқа қажеттінің бәрі бар дейді, коронавируспен күрестің алғы шебінде жүрген абзал жандар.

«Қалып жатқан жеріміз жылы. Барлық жағдай жасалған. Тоңазытқыш,  микротолқынды пеш бар. Кір жуатын машина  да бар бұл жерде. Душ бар, барлығын қабылдаймыз. Ешқандай шағым жоқ», – деді қалалық Шұғыл-жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының тазалық маманы  Нағима ӘБЖАНОВА.

Дәрігерлерге арнайы автобус та қарастырылған. Ол медициналық қызметкерлерді жұмыстарына апарып, алып келеді. Сонымен қатар, қалалық әкімдік ақ халаттыларды үш уақыт тамақпен де қамтыған. Ыстық ас күнделікті жеткізіліп тұрады. Еске салайық, төтенше жағдай кезінде қалалық бюджет есебінен дәрігерлер 13 қонақ үй мен 11 жатақханаға орналастырылды.