Бүгінде Жамбыл облысы бойынша коронавирустың алты жағдайы тіркелген
Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандардың барлығы карантинге алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінде Жамбыл облысы бойынша коронавирустың алты жағдайы тіркелген. Оның ішінде Жамбыл ауданы – 1 науқас, Тараз – 2 науқас, Қордай ауданы – 2 жағдай, Шу ауданы – 1 жағдай. Науқастардың барлығы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар стационарына стационарлық емделуге жеткізілді. Жағдайлары қанағаттанарлық, шағымдары жоқ, қажетті ем тағайындалды. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы баспасөз конференциясында Берік Жарқынбеков хабарлады.
«6 жағдай бойынша барлығы 82 байланыста болған адам анықталды, оның ішінде 71 жақын және 11 ықтимал қарым-қатынаста болғандар. Барлық жақын байланыста болған адамдар 100 пайыз карантиндік стационарға оқшауланған, ықтимал топтағы тұлғалар үй карантиніне алынды. Барлық жақын байланыста болған адамдар зертханалық тексеруден өтті, оның ішінде 70-і теріс нәтиже, 1-і оң нәтиже көрсетіп, науқас ретінде есепке алынды», – деді департамент басшысы.