Елдегі эпидахуал нашарлады: Асқар Мамин министрлер мен әкімдерге тапсырма берді

03.08.2021 20:54

Ол пандемиядан шығудың жалғыз жолы вакциналау екенін тағы бір мәрте еске салды

Almaty.tv

Қазақстанға жақын арада 8 млн доза вакцина жеткізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі айтты. Ал, премьер өңір басшыларына нендей пәрмен берді? Елдегі эпидахуал қандай күйде? Толығырақ елордалық Almaty.tv тілшісі өрбітсін. 

Бүгін Премьер-Министр Асқар Мамин індетке шалдыққандардың көбеюіне байланысты әкімдер мен министрлерге тапсырма берді. Ол пандемиядан шығудың жалғыз жолы вакциналау екенін тағы бір мәрте еске салды. Айтуынша, қазіргі таңда 5,5 миллиондай адам вакцинаның бірінші компонентін және 4 миллионға жуығы екінші компонентін алған.

«Өңір әкімдері мен Денсаулық сақтау министрлігі барлық ауруханалардың, бастапқы пункттердің, мобильді бригадалар мен ПТР-зертханалардың үздіксіз жұмыс істеуін, дәрі-дәрмек пен қорғаныш құралдарының жеткілікті болуын қамтамасыз етсін. Сондай-ақ, Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктері мониторинг топтарының санитарлық-эпидемиялық нормалардың бұзылуын бақылау және анықтау бойынша жұмысын күшейтсін»,– деді ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.

Ал, министр Алексей Цой Ashyq жобасына қосылу талаптары жеңілдегеннен кейін қосымшаға қатысушылар саны үш есе өскенін атап өтті. Осы ретте, Ashyq мобильді қосымшасы арқылы карантин талабын бұзған 16 мың 663 адам анықталып, оның ішінде 10 305-нде «қызыл» статус шыққан. Айтуынша, Ashyq жобасы аясында мониторинг топтары 50 мың нысанды қамтып, соның 642 мекемесінде карантин талаптары бұзылған.

«Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Қазақстан Республикасы 26 маусымнан бері «қызыл» аймақта тұр. Түркістан облысынан басқа өңірлердің бәрі «қызыл» аймақта. 3 тамыздағы жағдай бойынша, республикадағы инфекциялық төсек-орынның 56 пайызында, реанимациялық төсек-орынның 44 пайызында науқастар жатыр. Әсіресе, жұқпалы ауруханалардағы ең көп науқас Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, жансақтау бөліміндегі науқастар Ақмола, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында көп тіркелген»,– деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Айта кетейік, бүгінде елімізде вакцина алуға болатын халықтың 55 пайызы екпе алды. Ал, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жақын арада  4 миллион халық үшін қосымша вакцинаның 8 млн дозасы жеткізілетінін айтты.