Алматыда эпидемиологиялық ахуалдың күрделенгеніне қарамастан, той өткізушілер саны азамай тұр. Кеше Алмалы ауданына тексеріс жүргізген мониторингтік топ 200 адамның қатысуымен өткен тағы бір үлкен мерейтойдың үстінен түсті. Коронавирустың жаңа штамдары анықталып, жағдай ушығып тұрған тұста халық дүбірлі той өткізуді неге тыймайды? Әр іске асқан жауапкершілікпен қараудың орнына, немқұрайлылық танытқандар қандай жаза арқалайды? Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.
Қала тұрғындары тарапынан аудандағы мейрамханалардың бірінде той жүріп жатыр деген қоңырау келіп түсе салысымен, мобильді топ нысанды тексеруге шыққан. Сөйтсе, 200 адамға мерейтой өткізіліп жатыр екен. Арнамыздың түсірілім тобын байқап, тойға келгендер тіпті үстелдің астына жасырынуға тырысқан. Мерейтойға қатысқандардың барлығы аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Олардың әрқайсысына қатысты 425-бапқа сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
«Сөздің шыны керек, мониторингтік топтардың қаладағы карантиндік шараларды сақтап тұруда еңбегі зор. Тәртіп бұзушылықтардың 80 пайызын осы мобильді топтар тоқтатып отыр деп нық сеніммен айта аламын. Жағдайды ұдайы бақылап отырамыз. 10 күн өткеннен кейін қайта тәртіп бұзғандар тіркелсе, олардың ісі сотқа жоладанады, әрі қарай бұл нысанның жұмысын тоқтату-тоқтатпау бойынша шара қолданылады», – деді Алмалы аудандық кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы Гапур Бақтияров.
Аталған мекеменің әкімшілігіне қатысты барлық материалдар құзырлы органдарға жіберіледі. Әрі қарай жазалау шаралары қолданылады. Жалпы Алмалы ауданы бойынша күнделікті 2 мониторингтік топ күндізгі, тағы 2 мониторингтік топ түнгі рейдке шығады. Олардың құрамына кіретін жасотандықтар қала тұрғындарын сақтық шараларын мұқият сақтауға шақырады.
«Пандемия кезінде той, жиын дегеннен бас тарту керек. Бірінші кезекте бұл өз өміріміз үшін, жақындарымыз үшін өте қауіпті. Індет өршіп тұр. Уақытша адам көп баратын жерлерге бармай тұруға тырысу керек», – деді Жетісу аудандық «Жас отан» жастар қанатының жетекшісі Еламан Абаев.
Мониторингтік топпен тексеріске қазір еріктілер де шығып жүр. Олар жағдайды толық бақылап, мобильді топқа қолдау көрсетеді.
«Алматы қаласы бойынша ұйымымызда 2 мың ерікті бар. Біз мұндай жұмыстарға өз еркімізбен тартыламыз. Тәртіптің дұрыс қадағалануын бақылаймыз. Демек, бұл біз үшін үлкен тәжірибе. Бұл іске жауапкершілікпен қараймыз», – деді «Қазақстан еріктілер лигасы» қоғамдық қоры қалалық филиалының төрағасы Нұржан Жасұзақов.
Ал, қала бойынша жыл басынан бері жүргізілген 1400 рейдтің нәтижесінде карантин талаптарын бұзған 60-қа жуық кәсіпкерлік нысанына қатысты іс сотқа жіберілген. 24 кафе мен мейрамхана жұмысы сот шешімімен тоқтаталып, басқалары айыппұлмен құтылған. Барлығы 12 мың кәсіпкерлік нысанына тексеріс жүргізілген.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы