Алматыда коронавирусқа шалдыққан науқастарға дайындалған 7 мың төсек-орынның бүгінде 5 мыңы бос емес
Алматыда коронавирусқа шалдыққан науқастарға дайындалған 7 мың төсек-орынның бүгінде 5 мыңы бос емес. Ауру жұқтырғандар санының және жүктеменің артуына байланысты кешелі бері науқастар Халық Аренаға жайғастырыла бастапты. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Светлана Сұлтанғазиева мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құрамында 5 стационардағы 2480 төсегі бар бірінші эшелон қазір 83 пайызға толық. Жан сақтау бөліміндегі төсек-орын саны 420-ға дейін артқан. Онда қазір 1250 науқас ем-дом алуда.
«Халық Арена резервті госпиталь ретінде қарастырылған. Онда 1000 төсек-орын бар. Кешеден бері науқастарды сол жаққа жатқыза бастадық. Қазір 18 науқас ем қабылдауда. Оның жартысы фтизиопульмонология орталығынан көшірілген болса, жартысы жедел жәрдемнен жеткізілген. Бірінші эшелон қазір 83 пайызға толып тұр. Ал құрамына 15 медициналық ұйым кіретін екінші эшелон 44 пайызға дейін толған. 1630 төсек-орынға ашылған үшінші эшелон 14 пайызға толы», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Светлана Сұлтанғазиева.
Ал, жыл басынан бері жүргізілген 1400 рейдтің нәтижесінде карантин талаптарын бұзған 60-қа жуық кәсіпкерлік нысандарына қатысты іс сотқа жіберілген. 24 кафе мен мейрамхана жұмысы сот шешімімен тоқтаталып, басқалары айыппұлмен құтылған. Бұл туралы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады. Қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың күрделенгеніне қарамастан, жұмысын жалғастырып, карантин ережелерін қайта-қайта бұзғандар саны да азаймай тұр екен.
«Жұмысын қайта жалғастыра беретіндерді де анықтап жатырмыз. Мұндай жағдайда аталған нысанды судан, тоқ көзінен ажыратамыз. Бұл шара арқылы тәртіп бұзушылардың сот шешімін орындауын талап етеміз. Қаламызда 1 қаңтардан бастап 15 объект су мен тоқ көзінен ажыратылған. Оның басым бөлігі Медеу ауданында», – деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.