Төтенше жағдай режимі аяқталғанмен, карантин тәртібі сақталады

11.05.2020 20:21

Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шыққан

inbusiness.kz

Қазақстанда төтенше жағдай режимі алынды. Алайда карантин тәртібі сақталады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысын өткізді. Кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылыған жоқ.

Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады деді мемлекет басшысы. Дегенмен көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады. Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шыққан. Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады. 

Саябақтар ашылады. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді. Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді. Жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі. Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек. 

Мемлекеттік қызметкерлердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді. Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Сондықтан өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек. Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды деді Президент.