Елімізде эпидахуал тұрақталғанымен, коронавирустан көз жұмғандар қатары азаймай тұр
Коронавирустан қайтыс болған науқастардың басым көпшілігі – созылмалы дерті бар науқастар мен темекі шегетін ересектер. Аталған тізімде аяғы ауыр келіншектер де бар. Ал іште жатқан нәресте вирусқа тіпті, төтеп те бере алмайды. Бұл туралы Алматы қаласының патологоанатом мамандары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Былтыр коронавирустан қайтыс болғандардың мәйітін ашуға рұқсат беремесе, биыл мамандар зерттеу жүргізіп, вирустың ағзаға зиянын анықтап отыр.
Елімізде эпидахуал тұрақталғанымен, коронавирустан көз жұмғандар қатары азаймай тұр. Тек соңғы тәулікте бұл дерттен 24 адам дүние салды. Сот-медициналық сараптама мамандары биылдан бастап, вирустан көз жұмғандардың мәйіттеріне зерттеу жүргізіп, COVID-19 вирусының ағзаны қалай зақымдайтынын анықтауда. Ең қорқыныштысы, бұл дерттен қайтыс болғандардың өкпесі қарайып, семіп қалған.
Себебі, коронвирустан бірінші өкпе қабынады. Бұл қанның қоюланып, тромбоздың қалыптасуына әкеп соғады. Ал ұйыған қанның кесірінен тамырлар бітеліп, оттегі жетпей, адам қиналады. Сондай-ақ, вирус созылмалы дерті барлардың өміріне өте қауіпті дейді мамандар. Сондықтан, вакцина алу қажет.
«Сау адамның өкпесі жұмсақ, салмағы жеңіл, түсі алқызыл болады. Ал коронавирустан қайтыс болғандардың өкпесі қамырға ұқсап қалады. Резіңке секілді тығызданып, салмағы ауырлайды. Түсі қарақызылға айналады. Себебі, өкпедегі ареола жасушалары оттегіні бүкіл ағзаға жеткізеді. Ал вирус сол жасушаларды зақымдағанда, қабыну процесі жүреді. Кейін іші суға толып, жұмыс істеуі нашарлайды. Бұл адамның мұрны мен аузын жауып тастағанмен пара-пар. Соның салдарынан, тыныстау қиындайды. Бұл ауыртпалыққа жүрек шыдамай, адам өліп кетеді», – деді Алматы қалалық сот-медициналық сараптама маманы Тахир Халимназаров.
Иә, осындай деңгейге жетпес үшін уақытында вакцина алайық, вирустан қорғанайық. Айтпақшы, отандық ғалымдар вакцинаның жаңа түрлерін шығара бастады. Мамандар бұл жолы адамға емес, мысықты коронавирустан қорғайтын «Наррувакс-С19» деп аталатын екпе жасаған. Себебі, үй жануарлары ішінде әсіресе, мысықтар бұл ауруды жұқтыруға бейім келеді екен. Одан қалса, вирустың мутациялануына да ықпал етеді. Бұл туралы екпе авторларының бірі Қайсар Табынов мәлімдеді. Ғалым алдағы уақытта бұл препаратпен бүкіл жануарлар әлемін вирустан қорғауға ниеттеніп отыр.
«Бұл вакцина – екі дозалық. Оның адам вакцинасына қарағанда, біраз өзгешелігі бар. Ең алдымен, онда белсенді заттың концентрациясы төмендеу болады. Екіншіден, жалпы формуляциялық жағынан өзгеше. Біз оны мысықтарға тексердік. Ол толығымен қауіпсіз және вакцинаның тиімді екенін көрсеттік. Эксперимент барысында дене температурасының көтерілуі байқалған жоқ. Сондай-ақ, салмақ тастаған жоқ. Енді бұл вакцинаны тез арада кең ауқымды апробациясын жүргізіп, оны 6-9 ай ішінде тіркеуге тырысамыз», – деді ҚАЗҰАУ жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов.
Міне, ғалымдар енді жануарларды да қорғаудың тәсілін тапты. Қажырлы еңбектің қиындығын алматылықтар да жақсы түсінеді. Себебі, ел бойынша мегаполис вакциналаудан көш бастап келеді.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы