Медеу ауданында 2832 кәсіпкерлік нысан тексерілді

15.02.2021 20:24

Тәртіп сақшылары топталып ішімдік ішіп, қорқор шегіп отырған 20 шақты адамның үстінен түсті

Карантин кезінде қаулы бойынша тиісті ережеге бағынбайтын кәсіп иелері азаймай тұр. Рейд жұмыстары күндіз де, түнде де өткізіліп жатыр. Мәселен, Медеу ауданында 2832 кәсіпкерлік нысан тексерілген. Олардың қаншауы заңды бұзды? Әкімдік өкілдері мен полиция қызметкерлерінен құрылған мониторингтік топ түнгі 11-ден кейін жұмысын тоқтатпаған неше нысанды анықтады? Almaty.tv тілшісі жалғастырсын.

Тексеруші топ бас сұққан компьютер клубы келушілерге лық толы болды. Мұнда әлеуметтік арақашықтық сақтап, бетперде таққан ешкім жоқ. Келушілердің ойынға кіріп кеткендері соншалық, тексерушілерді елеген бір адам болмады.

Ал, талапты орындамағаны былай тұрсын мүлдем тыйым салынған қор-қорда шегілген. Ақталуға амалы болмаған кәсіпкер өз кінәсін мойындап, әкімшілік хаттамаға қол қойып берді.

«Түсініктемелерін алып, әрі қарай санитарлық мамандарға жіберіп жатырмыз. Көріп отырғандарыңыздай, бұл біздің күнделікті жұмыс. Күндіз маска режимін қадағаласа, түнде рейдтер болады. Рейд жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Нұрқасымов.

Кезекті нысан да бір қараған көзге жабық сияқты көрінеді. Алайда тәртіп сақшылары топталып ішімдік ішіп, қорқор шегіп отырған 20 шақты адамның үстінен түсті. Шектелген уақытқа қарамай келушілерді қабылдаған бұл нысанның иесіне де әкімшілік хаттама толтыруға тура келді.

«Бүгінде бас санитардың қаулысына байланысты мониторингтік топтар көптеген кәсіпкерлік нысандарды аралауда. Тексеруші топтың арасында біз де бармыз. Егер мониторингтік топтар кәсіп иелерін себепсіз тексеретін болса, біз олардың мүддесін қорғаймыз. Егер кәсіпкер карантин талаптарына бағынбаса, әкімшілік жазаға тартылуға міндетті», – деді кәсіпкерлер палатасының медеу аудандық филиалының директоры Самал Урасаева.

Заң бұзған кәсіп иелеріне Әкімшілік құқық бұзушылықтың 425-бабы бойынша хаттама толтырылып, 670 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Статистикаға жүгінетін болсақ 9 қазаннан бүгінге дейін карантин талаптарын сақтамаған 232 адам тіркелген. Оның 164-і заңды болса, 68-і жеке тұлға.

Мерей Қанапиянов, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» арнасы